Жазда жолда абай болуға шақырды

Астана полициясы жазда демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласы коммуникациялар қызметінден өткен онлайн баспасөз мәслихатында Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бөлім бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандарға қатысты жол-көлік оқиғасының алдын алу шаралары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Полиция департаменті 658 557 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесі өзекті болып отыр.
Полиция департаментінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бері елорда аумағында 964 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,1 пайызға өскен. Апаттар салдарынан 11 адам қаза тауып, 1 126 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған. Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеуі алаңдаушылық тудырады.
Балалардың қатысуымен болатын жол апатының өсуі
Жыл басынан бері жолдардағы жағдай ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Балалардың қатысуымен 311 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 36,4 пайызға жоғары. Салдарынан 2 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 412 бала жарақат алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,7 пайызға өскен.
Балалардың велосипедпен жүру кезіндегі жарақаттану жағдайлары ерекше алаңдаушылық туындатады. Осы кезеңде жас велосипедшілердің қатысуымен 52 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өткен жылғы көрсеткіштен 20,9 пайызға артқан. Бұл оқиғаларда 53 бала зардап шегіп, олардың біреуі қаза тапқан.
Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы күндері елордада кәмелетке толмаған велосипедшілердің қатысуымен бірқатар резонанстық жол-көлік оқиғалары тіркелген. Бұл жағдайлар балалардың жол жүрісі қағидаларын жеткілікті деңгейде білмеуін, жолдың жүру бөлігін қауіпсіз кесіп өте алмайтынын және жол қозғалысының басқа қатысушыларымен тиімді өзара іс-қимыл жасай алмайтынын көрсетеді.
Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері
-Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын апаттардың негізгі себептері анықталды. Олардың қатарында жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, кішкентай балалардың ересектердің қарауынсыз жүруі бар. Сонымен қатар велосипедшілердің жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедтен түспей өтуі де айтарлықтай қауіп төндіреді. Балалардың да, ересектердің де жол жүрісі қағидаларын сақтамауы жағдайды күрделендіре түсуде. Жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру қайғылы оқиғалардың санын едәуір азайтуға ықпал етеді, — деді спикер.
Кәмелетке толмағандар мен ата-аналардың жауапкершілігі
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесінің 28-бабына сәйкес, 16 жасқа толған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер құқық бұзушылықты 16 жасқа толмаған бала жасаса, онда жауапкершілік ӘҚБтК-нің 127-бабына («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау») сәйкес заңды өкілдеріне жүктеледі.
Жыл басынан бері 16 жастан асқан 70-тен астам жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы шамамен 435 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша заңды өкілдерге қатысты 200-ден астам құқық бұзушылық тіркеліп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5 миллион 780 мың теңгеден асты. Осылайша, заңнама құқық бұзушының жасына және заңды өкілдердің рөліне байланысты жауапкершілікті нақты белгілейді.
Мектептегі қауіпсіздікті арттыру шаралары
2026 жылдың басынан бері Полиция департаменті балалар жарақатының алдын алу мақсатында мектептердің жанындағы көше-жол желілеріне 213 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 159 нұсқама беріліп, оның аясында бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау, жасанды жол кедергілерін орнату, жол белгілерін ауыстыру және жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді.
«Үй-мектеп-үй» бағыты бойынша жаңа бағдаршамдар орнатылып, жасанды жол кедергілері қалпына келтірілді және қосымша орнатылды (160+55 м), жол белгілері жаңартылып және жаңадан қойылды (72+99), жол таңбалары жаңартылды (47+4 нысан).
Сондай-ақ, 5 мектептің маңындағы жарықтандыру жүйесі қалпына келтіріліп, 17 мектептің жанында жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды. Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында 2 учаскеде біржақты қозғалыс енгізілді.
Мектеп тасымалын бақылау және профилактикалық жұмыс
Мектеп автобустарының техникалық жағдайы мен оларды желіге шығару талаптарының сақталуы тұрақты түрде тексеріледі. Жүргізушілермен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Күн сайын саптық бөлімшелер тұрғын үй аулаларында патрульдік қызмет атқарады, дауыс күшейткіш құрылғылар арқылы тұрғындарға қауіпсіздік шаралары ескертіледі. Сонымен қатар балаларды аулаларда және жол маңында бақылауда ұстау қажеттілігі жөнінде ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ақпараттық науқандар мен акциялар өткізуде.
Жолдағы қауіпсіздік — әркімнің жеке жауапкершілігі
Жолдағы қауіпсіздік деңгейі бірқатар факторларға жол жүрісі қағидаларын сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға, көліктің техникалық жарамдылығына және қозғалысты дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Ең басты шарт – әрбір жол қозғалысына қатысушы тәртіпті сақтауы қажет.
Полиция ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуге, ал жүргізушілерді мектептер маңында, тұрғын үй аулаларында және жаяу жүргіншілер өткелдерінде барынша мұқият болуға шақырады. Мемлекеттің, қоғамның, ата-аналардың және жүргізушілердің бірлескен күш-жігерімен ғана балалардың жарақаттануын азайтуға және олардың өмірін сақтауға болады.



