Жыл бойы жұмыс істейтін курорт экономикасы: таулар Алматының жаңа экономикалық моделін қалыптастырады

Жыл бойы жұмыс істейтін курорт экономикасы: таулар Алматының жаңа экономикалық моделін қалыптастырады

Алматы тау кластері (АТК) – қолданыстағы курорттарды жаңғыртуға және бес таулы аумақты: Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка, Пионер және Ой-Қарағайды біріктіретін бірыңғай туристік жүйені дамытуға бағытталған жоба. Оның негізгі мақсаты – тау инфрақұрылымының жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Туристік сұраныс – дамудың негізгі қозғаушы күші

Шетелдік саяхатшылардың Алматыға деген қызығушылығы артып келеді. Mastercard Tourism Insights және D/AI Destinations деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қалаға әуе рейстерін іздеу сұраныстары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71%-ға өскен. Атап айтқанда, Қытайдан келген сұраныс 166%-ға, АҚШ-тан – 93%-ға, Ұлыбританиядан – 85%-ға, Оңтүстік Кореядан 75%-ға артқан.

Цифрлық пікірлер негізінде есептелген Алматыға жасалған сапарларға қанағаттану индексі 82,6 балға жетті. Қаланың көрікті жерлері, қонақүйлері, мейрамханалары мен қысқа мерзімді орналастыру нысандары жоғары бағаланған.

Бұл көрсеткіштер тау туризмі үшін әлеуетті аудиторияның кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Таулардың мегаполиске жақын орналасуы шетелдік туристер ағынын қала тұрғындарының демалыс және бос уақыттарында жасайтын сапарларымен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Төрт маусым – бизнестің тұрақты дамуының кепілі

Дәстүрлі түрде тау шаңғысы курорттарының жұмысы қыс мезгілінің ұзақтығына тәуелді. Алайда аспалы жолдарды, инженерлік желілерді, көлік пен сервистік инфрақұрылымды күтіп ұстауға жыл бойы шығын жұмсалады.

Курорттардың жыл он екі ай жұмыс істеу моделі қолданыстағы нысандарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қыс мезгілінде шаңғы мен сноуборд тебуге сұраныс жоғары болса, жазда және маусымаралық кезеңде жаяу және велосипедпен серуендеу бағыттары, экскурсиялар, отбасылық демалыс пен спорттық бағдарламалар өзекті бола түседі.

Қызмет түрлерінің әртараптандырылуы қосымша табыс көздерін қалыптастырып, келушілер аудиториясын кеңейтеді әрі бизнестің қысқы маусымға тәуелділігін азайтады. Сонымен қатар ішкі туристік сұраныс маусымдық туристік белсенділік төмендеген кезеңдерде де нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Инвестиция тарту және қонақүй секторын дамыту

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Алматы қаласының туризм саласына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 137,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3%-ға жоғары.

Ал бірінші жартыжылдықта орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 53,1 млрд теңгеге жетіп, 6%-ға өсті. Жыл басынан бері 26 жаңа қонақүй ашылған. Бұдан бөлек, жалпы құны шамамен 900 млрд теңгені құрайтын 87 жоба іске асырылу және пысықталу кезеңінде.

Қонақүй инфрақұрылымының кеңеюі туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға және олардың тамақтану, көлік, ойын-сауық пен жабдықтарды жалға алу қызметтеріне жұмсайтын шығындарын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мейрамханаларға, тасымалдаушыларға, туристік компанияларға және қаланың басқа да кәсіпорындарына қосымша сұраныс қалыптастырады.

Жаңа жұмыс орындары және кәсіпкерлікті қолдау

Инфрақұрылымның жыл бойы жұмыс істеуі маусымдық уақытша жұмыспен қамтудан тұрақты еңбек нарығына көшуге мүмкіндік береді. Бұл ретте нұсқаушыларға, гидтерге, құтқарушыларға, техникалық мамандарға, қонақүй, мейрамхана және көлік қызметкерлеріне сұраныс артады.

Шағын және орта бизнес үшін жабдықтарды жалға беру және жөндеу, қоғамдық тамақтану, экскурсия ұйымдастыру, спорт мектептері, отбасылық қызметтер мен жергілікті қолөнер салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Кәсіпкерлер қызмет түрлерін келушілердің әртүрлі санаттары мен маусымдық сұранысқа бейімдей алады.

Саланың дамуы үшін білікті мамандар даярлау да маңызды. Осы бағытта Алматы тау кластерінің бастамаларының бірі – туризм, сервис, спорт және сабақтас салалар мамандарын даярлауға әрі олардың біліктілігін арттыруға арналған Almaty Tau Academy білім беру экожүйесі.

Қала экономикасына түсетін экономикалық әсер

Осылайша, Алматы тау кластері қаладағы тау туризмін дамытудың жаңа экономикалық негізін қалыптастырады.

Жоба болжамына сәйкес, шетелдік туристер саны жылына 1,7 млн адамға дейін артуы мүмкін. Ал коммерциялық инфрақұрылымға тартылатын жеке инвестиция көлемі 238,9 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар АТК-ны дамыту нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу және жыл сайынғы салық түсімдерін 91,5 млрд теңгеден 117,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жобаның жиынтық экономикалық әсері жылына 1 трлн теңгеден асуы мүмкін.

Нәтижесінде тау туризмі қаланың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың біріне айналады. Бұл жұмыспен қамтуды арттыруға, инвестициялық белсенділікті күшейтуге және Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.