Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі
фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын өтіп жатыр. ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр.

Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып.

Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек.

Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды.

Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр.

Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз", деді Президент сөзінің басында. 

Одан әрі Мемлекет басшысы ғылым мен білімнің жетістіктерін кәдеге жарату туралы баяндады. 

«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады», деді ол.