Астанада жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қаладағы медициналық ұйымдар тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсету және инфекциялардың таралуына жол бермеу бағытында қажетті шараларды қабылдап жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазіргі уақытта елордада 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусым аясында ЖРВИ мен тұмауға қатысты жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Тыныс алу жолдарының инфекциялық белгілері бар тұрғындарды уақтылы қабылдау үшін қалалық медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Онда науқастар медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек ала алады.
Кабинеттердің жұмыс кестесі төмендегідей:
* Жұмыс күндері – сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін;
* Демалыс және мереке күндері – сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін.
Айта кетейік, тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға ЖРВИ мен тұмаудан сақтану үшін бірқатар профилактикалық шараларды ұстануды ұсынады. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені үнемі желдету, ауру белгілері бар адамдармен байланыстан мүмкіндігінше аулақ болу және өз бетінше емделмеу қажет.
Ал тыныс алу жолдары инфекциясының алғашқы белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну ұсынылады.