Қазақ опера өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ермек Серкебаев. Биыл өнер майталманының туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Астанада «Дәстүрді сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз» атты өңірлік конференция өтті. Мәдени-ағартушылық басқосу ұлттық музыка мұрасын дәріптеуге, дәстүр мен заманауи білім беруді сабақтастыруға арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

19–21 қараша аралығында «Академиялық ұтқырлық» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің бірнеше өңірінен балалар музыка және өнер мектептерінің басшылары, педагогтері мен әдіскерлері қатысты.
Салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Асима Бимендина құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, қатысушыларды «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» өкілдері құттықтады.
Ашылу салтанаты аясында мектеп оқушылары мен педагогтерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Конференцияның маңызды сәттерінің бірі – Zoom платформасы арқылы Ермек Серкебаевтың қызы, қазақстандық жазушы, журналист және өмірбаяншы Ирина Ермековна Серкебаевамен онлайн кездесу болды. Ол конференция қатысушыларын айтулы шараның ашылуымен құттықтап, әкесінің шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталған игі бастамаға жылы лебізін білдірді.

Одан әрі конференцияның пленарлық отырысы басталып, музыкалық білім беру мен ұлттық өнердің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар тыңдалды. Спикерлер қатарында: Дина Мамбетова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор;
Раушан Нұртаза – этномузыкатанушы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;
Наргиза Шерботаева– Қазақ ұлттық өнер университетінің «Музыкалық білім беру» кафедрасының аға оқытушысы, музыкалық білім беру магистрі.
Татьяна Харламова – өнертану кандидаты, PhD докторы, университеттің ғылыми бөлімінің жетекшісі, аға оқытушы, педагог-шебер;
Дамир Султанов – профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі;
Айтолқын Тоқтаған – философия докторы (PhD), Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының аға оқытушысы болды.
Үш күнге жоспарланған конференция аясында еліміздің түрлі өңірлерінен келген өнер мектептерінің педагогтері тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, ұлттық музыкалық білім берудің дәстүрі мен болашағы жөнінде пікір білдіреді.

Конференцияның негізгі мақсаты – көрнекті әншінің шығармашылық мұрасын насихаттау, ұлттық және академиялық музыкалық дәстүрлердің сабақтастығын сақтау, сондай-ақ музыкалық білім беру саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуды дамыту.

Үш күндік бағдарлама аясында музыкалық білім берудің өзекті мәселелеріне арналған баяндамалар тыңдалып, ашық сабақтар, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер өткізілді. Сонымен қатар ұлттық музыкалық мұраны сақтау, заманауи оқыту әдістерін енгізу, цифрлық технологияларды пайдалану және өнер арқылы жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына ықпал ету мәселелері қарастырылды.

Конференция өңірлер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, озық педагогикалық тәжірибелерді таратуға және бірлескен шығармашылық-білім беру жобаларын дамытуға бағытталды.

Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған бұл басқосу – ұлы өнер иесінің мұрасын ұлықтаумен қатар, ұлттық музыкалық дәстүрді сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама.