Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы – елдің алдағы даму бағдарын айқындап қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдына жаңа міндеттер қоятын маңызды құжат. Оның негізгі мәні көтерілген бастамалардың ауқымымен ғана емес, сол міндеттердің халық өміріне қаншалықты оң өзгеріс әкелетінімен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі Жолдауға елдің ертеңіне деген сенім мен нақты іске деген жауапкершілікті қатар арттыратын бағдар ретінде қарау қажет.
Қазақстанның Тәуелсіздігіне 35 жыл толған кезеңде даму жолымызға жаңаша көзқараспен қарап, алдағы мақсаттарды нақты нәтижелермен ұштастырудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, Президент ұсынған 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы айрықша назар аудартады. Бұл – елді мекендердің келбетін өзгертумен шектелмейтін, экономикалық белсенділікті арттыруға, әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды қадам деп бағалаймын.
Кез келген құрылыстың шынайы құндылығы оның көлемімен емес, адамдарға әкелген пайдасымен бағалануы тиіс. Ауылдар мен аймақтардағы, қаладардағы сапалы жол, тұрғын үй бағасының қолжетімділігі, қолжетімді медициналық көмек, заманауи мектеп, таза ауыз су, тұрғын үй мен инженерлік желілер, мәдени-сауықтыру орындары – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Демек, қолға алынатын жобалар ең алдымен тұрғындардың нақты сұранысына жауап беруі керек. Өңірлердің ерекшелігін ескеріп, қай жерде қандай қажеттілік барын дұрыс анықтау – қаржының тиімді жұмсалуына әрі бастамалардың нәтижелі жүзеге асуына негіз болады.
Сонымен бірге құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту отандық экономиканың жаңа мүмкіндіктерін ашуы қажет. Жергілікті өндірісті қолдау, отандық материалдар мен инженерлік өнімдерді пайдалану, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру – осы бағыттағы маңызды міндеттер. Ірі жобалар экономиканың өзге салаларына да серпін беріп, өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына ықпал еткенде ғана олардың мемлекетке, халыққа қайтарымы арта түседі. Яғни, бүгін салынған нысан ертеңгі экономикалық өсімнің де тірегіне айналады.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағдар – цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Қазіргі кезеңде технологияны меңгеру елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі дүниелердің біріне айналды. Алайда жаңа жүйелерді енгізу өз алдына мақсат болмауы керек. Оның нәтижесі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінен, азаматтардың уақытын үнемдеуден, өндіріс тиімділігінің артуынан және еңбек өнімділігінің жақсаруынан көрінуі қажет. Мемлекеттік басқарудағы артық рәсімдерді қысқартып, бюрократиялық кедергілерді азайту да осы өзгерістердің маңызды бөлігі. Өйткені тиімді, дамыған мемлекет дегеніміз – азаматтың мәселесін созбалаңға салмай, уақытылы шешуге ұмтылатын мемлекет.
Ел дамуының тағы бір шешуші шарты – адам капиталына басымдық беру. Білімді, кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастырмай, ұзақ мерзімді жетістікке жету қиын. Осы ретте Президент көтерген ұстаздардың негізгі міндетіне кедергі келтіретін артық жүктемені азайту, балаларға сапалы білім беруге қолайлы жағдай жасау мәселесінің маңызы да ерекше. Сол сияқты денсаулық сақтау, балаларды оңалту, мәдениет пен спорт инфрақұрылымын дамыту, әдеби институттар мен тағы басқа оқу орындары да қоғамның болашағына салынған инвестиция деп бағалаймыз. Өйткені елдің басты байлығы – оның табиғи ресурстары ғана емес, білімді, дені сау және мүмкіндігі кең азаматтары.
Меніңше, Жолдауда белгіленген міндеттердің табысты орындалуы ең алдымен жауапкершілік пен ұлтқа деген махаббатқа байланысты. Қабылданған шешімнің сапасы оның орындалуымен, бөлінген қаржының тиімділігі нақты нәтижемен, ал атқарылған жұмыстың бағасы халықтың сенімімен айқындалуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік органдардың ашықтығы, кәсіпкерлердің белсенділігі және қоғамның ортақ іске атсалысуы өзара сабақтас болуы қажет. Жоспардың орындалуын бағалауда есептің көптігіне емес, өзгерістің нақтылығына мән берген жөн.
Қорыта айтқанда, Жолдаудың маңызын оның ауқымды жоспарларынан ғана емес, сол жоспарларды күнделікті өмірдегі оң өзгерістерге айналдыру мүмкіндігінен көреміз. Әрбір жаңа мектеп сапалы білімге, әрбір салынған жол қолжетімді қатынасқа, әрбір экономикалық жоба тұрақты табыс пен жаңа мүмкіндікке жол ашады деп сенеміз. Елдің дамуы осындай нақты істер арқылы бағаланады. Тәуелсіздіктің жаңа белесіне қадам басқан Қазақстан үшін басты міндет – қол жеткізген жетістіктерді еселеу ғана емес, болашаққа берік негіз қалыптастыру. Ал ол үшін әрбір бастамаға ортақ жауапкершілікпен қарап, сөз бен істің арасындағы байланысты нығайту қажет.
Дәулеткерей Кәпұлы,
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD доктор, «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің директоры