Биылғы жолдаудағы ең басты мәселе – алдағы бір жылдың ішіндегі халықтың әл-ауқатын көтеруге басымдық берілуі. Ол үшін экономиканы нығайту, цифрлық сала мен жасанды интеллектті пайдалануды жүйелеу, бизнесті дамыту сияқты мәселелерді реттеу үшін Президент Үкіметке қадау-қадау тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысының ең басты сөз түйіні – келесі жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы деп едім . Еліміздің барлық өңірінде халыққа аса қажетті, елдің әлеуметтік мәселелерін шешетін көптеген құрылыс нысандары салынатыны айтылды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Сонымен қатар бизнес саласын оңтайландыру, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Үкімет пен Құрылтайға ұсыныс айтты.
Бизнесті тексеруге үш жылға мараторий жариялау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ жалпы құқықтық мәселелерді реттеу үшін және қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіріп тұрған кейбір кедергілерді шешу үшін Азаматтық кодексті қайта қарап, жаңадан дайындауды ұсынды. Оған қоса инвестиция тарту жұмыстарын жеделдетуді, Үкіметтен бастап ауыл әкімдіктеріне дейін қызметтерді цифрландыру, ЖИ пайдалану мәселелері сияқты бүгінгі қоғамды жүйелі дамытуға тиімді ұсыныстар айтты. Президентіміздің жарлығымен мен жарияланған биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» өз нәтижесін берді. Келесі Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылының да берері мол боларына сенеміз. Бастысы Ата заңымыз жаңғыртылып, билік құрылымы өзгерді, көптеген жаңа лауазымдар енгізілді. Соның бәрі табысты, жүйелі жұмыс істеуі үшін Президент жолдауында басты-басты салаларға нақты бағыт-бағдар көрсетті.
Сондықтан бұл Жолдау – бүгінгідей алмағайып заманда еліміздің тұрақты дамуына және әлемдегі әл-ауқаты зор мемлекеттер қатарына кіруіне серпін береді деген ойдамын. Қазір ең төменгі жалақы көрсеткіші – 85 мың теңге көлемінде болса, соны жаңа жылдан бастап 100 мың теңгеге дейін көтеру де осы жолдауда айтылды. Еліміздегі ондаған ірі қалаларда бабаларға арналған медициналық орталықтар салу, сондағы қызметкерлердің жалақысын көтеруге де мән беріледі. Білім беру саласындағы қағазбастылықтан арылу, мұғалімдердің құқығын қорғау, сапалы білім алуға жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Мұның бәрі Президент берген ұсыныстар мен тапсырмалардың арқасында жүйелі түрде шешіледі деп сенемін. Ең бастысы – заңнан бұрын сананың жаңғыруы, яғни мемлекеттік қызметкерлер арасындағы «Этикалық кодексті» қайтадан қарау, халықтың санасын жаңғыртуға байланысты да жоспарлы жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Серікзат Дүйсенғазы,
ақын, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі