Астана қаласындағы №113 «Келешек» мектебінде BOLASHAQ LEAGUE 2026 қалалық робототехника және STEM чемпионаты өтті. Іс-шараны мектеп пен Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
BOLASHAQ LEAGUE чемпионатының мақсаты – оқушылар мен педагогтердің инженерлік ойлауын, шығармашылық қабілеттерін және цифрлық құзыреттерін дамыту, робототехника, STEM және жасанды интеллект бағыттарына қызығушылықты арттыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау.
Чемпионатқа Астана қаласының 23 мектебінен қатысушылар қатысты. Бағдарлама оқушылардың техникалық шығармашылығын, педагогтердің жобалық шешімдерін және инклюзивті білім берудегі ортақ әрекетті қолдауға бағытталған үш санатты қамтыды.

BOLASHAQ LEAGUE – технологияны меңгерумен қатар, бірлесіп ойлау, мәселені шешу, идеяны нақты жобаға айналдыру және әр баланың мүмкіндігін қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған алаң. Сайыс жас ұрпақтың инженерлік әлеуетін ашуға және педагогтердің инновациялық тәжірибесін дамытуға үлес қосады.
Іс-шара аясында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, техникалық тапсырмаларды орындайды және қазылар алқасының бағалауынан өтеді. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік командалар мен жобалар анықталып, арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
– Бұл сайыс робототехника жасаудың қыр-сырынан хабардар болуға негіз болады. Соның арқасында әр баланың ішінде жатқан талантын ашу діттелді. Бұған дейін де өнертапқыш өрендер сұрыптау, өңдеу бағытында еңбектеніп көрді, нәтиже де бар. Бұндай сайыстар біліктілікті арттырып, жаңа технологияларды тез игеріп, кәделі іспен айналысуға септеседі, – деді информатика пәнінің мұғалімі Жасұлан Қабденұлы.