«Ұлттық мінез бен патриотизм көрінісі»

«Ұлттық мінез бен патриотизм көрінісі»
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейде «Ұлттық мінез бен патриотизм көрінісі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

   Ауқымды іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияның басты мақсаты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын Бауыржан Момышұлының рухани мұрасымен сабақтастыра отырып насихаттау, ұлттық тәрбие мен патриоттық құндылықтарды білім беру үдерісіне кіріктірудің тиімді жолдарын айқындау, сондай-ақ ғалымдар, педагогтер мен білім алушылар арасындағы ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты нығайту. Ұлттық рух, тарихи жады және заманауи білім – конференцияның негізгі өзегі.

   Бүгінгі жаһандану жағдайында жас ұрпақтың бойына ұлттық мінез, отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен азаматтық ұстаным қалыптастыру – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының даңқты қолбасшысы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ерлік жолы мен тағылымды мұрасы өскелең ұрпақ үшін рухани бағдар болып табылады. Конференция аясында ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру ұйымдарын басқару, тәрбие жұмысының заманауи тәсілдері, ұлттық құндылықтарды пән мазмұнына кіріктіру, Бауыржан Момышұлының рухани-патриоттық мұрасы, жаһандану дәуіріндегі ұлттық бірегейлік және отбасы, мектеп пен қоғамның өзара серіктестігі мәселелері талқыланды. Ғылыми-тәжірибелік алаң  жұмысына білім беру ұйымдарының басшылары, директор орынбасарлары, педагогтер, әдіскерлер, ғалымдар, зерттеушілер, педагог-психологтер және білім саласының басқа да  мамандары қатысты.

    Іс-шара пленарлық отырыс, секциялық отырыстар, озық педагогикалық тәжірибелерді таныстыру форматында ұйымдастырылды. Конференция барысында ұлттық тәрбиенің озық тәжірибелері сараланып, құндылықтарға негізделген басқарудың тиімді тетіктері, инновациялық педагогикалық әдістер мен білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының нәтижелі тәжірибелері ұсынылды.

   «Ұлттық мінез – ұлт болмысының айнасы, ал патриотизм – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі». Республикалық конференция педагогикалық қауымдастықтың кәсіби тәжірибе алмасуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тың бастамаларды қолдауға және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылардың үздік мақалалары электрондық жинаққа енгізіліп, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен, барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталды.