Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы даму басымдықтарын айқындап, маңызды міндеттер жүктеді. Президенттің бұл Жолдауы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін көтеруге бағытталған.
Әсіресе, денсаулық сақтау саласына қатысты бастамаларға ерекше тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы өңірлерде жаңа медициналық нысандар салу, ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берді. Атап айтқанда, елімізде 8 перинаталдық орталық пен 7 балалар ауруханасын, сондай-ақ Астана қаласында 2 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласында еңбек ететін 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыру туралы бастама – медицина мамандарының еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадам.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты шешімдер де айрықша мәнге ие. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру – азаматтардың табысын арттыруға бағытталған нақты шаралардың бірі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі қажеттігін атап өтті. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың маңызды тетігі.
Президент инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытуға да назар аударды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасап, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік беру – маңызды міндеттердің бірі.
Жолдаудағы тағы бір ауқымды бастама – 2027 жылды Жаппай халықтық құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс. Оның аясында еліміздің барлық өңірлерінде жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту көзделіп отыр. Бұл бастама өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Президент көтерген мәселелердің барлығының түпкі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің дамуына серпін беру және әділетті қоғам қалыптастыру.
Құрылтай депутаты ретінде Жолдауда белгіленген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, әсіресе денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау саласындағы бастамалардың нақты іске асуына ықпал ету маңызды деп санаймын.
Ең бастысы, қабылданған шешімдер халықтың күнделікті өмірінде оң өзгерістерге ұласуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттарды қолдаймын. Еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы ортақ іске әрқайсымыз жауапкершілікпен атсалысуымыз қажет.
Жұлдыз Данбаева,
Құрылтай депутаты