Жолдау – кезекті, өмір – өзекті

Жолдау – кезекті, өмір – өзекті
фото: жеке мұрағатынан

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы нығайтуға және өңірлердің әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды міндеттерді қамтыды.

Жолдауда ерекше назар аудартқан бастамалардың бірі – 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсыныс. Бұл – дұрыс шешім. Құрылыс деген – жасампаз сала. Жаңару мен жаңғырудың өзегі осында жатыр. Мәні тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Ең алдымен, халықтың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымды жаңғырту, қалалар мен ауылдардың арасындағы даму алшақтығын азайту, әр азаматтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасау көзделіп отыр. Соның ішінде жолдарды жөндеу, елді мекендерді таза ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мәселелеріне басымдық беріледі. Әсіресе, жаңа ауруханалар мен перзентханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарын салу туралы тапсырмалар әлеуметтік саясаттың басты өлшемі адам және оның өмір сапасы екенін көрсетеді. Бұл бастама өңірлердің дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретіні анық.

Президент Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы. Әрбір қолға алынған жоба нақты нәтижеге жеткізіп, халықтың тұрмыс сапасына оң әсер етуі тиіс.

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы орайда қол жеткен табысқа тоқмейілсіп, тоқтап қалмау өте маңызды. Жолдау­дың түйінді тұстары:

«Халықтық құрылыс» жылы. 35 жылда бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс жұмыстары басталады.

Инфрақұрылымды жаңғырту. 2029 жылға дейін инфрақұрылымды дамытуға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді.

«Адал азамат» қағидаты – қоғамдық сананы жаңғырту негізі. Елдің дамуы үшін ең алдымен қоғамдық сана өзгеруі тиіс. «Адал азамат» қағидатын өмірлік ұстанымға айналдырып, заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам қалыптастыру маңызды.

Шағын бизнесті қолдау. Шағын кәсіпкерлікке кедергі келтіретін тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін Құрылтайда қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ кәсіпкерліктің дамуын тежейтін салық талаптарын қайта қарау көзделеді.

Экономиканың өзегіне айналатын «Халықтық құрылыс» – газ, су тартуға, тұрғын үй, әлеуметтік нысан салуға 2029 жылға дейін 6,5 триллион теңге бөлінеді, құрылыс үдейді. Президент « Халықтық құрылыс» бағдарламасы жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды. Тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болады деді. Ең төменгі жалақы 85 мыңнан 100 мыңға өседі; келер жылы жаңа Азаматтық кодекс қабылданады; кәсіпкерлікті қолдау күшейеді;

Ұстаздарға қатысты ойын айта келіп, мұғалімдер жұмысын жеңілдету туралы: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндетке кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек» деді. Бұл жолғы Жолдаудың негізгі мәні де осында деп білеміз. Ұрпақ мықты болмай, ұлт көші жаңа арнаға түсе қоймайды.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі