Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен таныстым. Биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып отыр. Бұл – өткенімізге көз жүгіртіп қана қоймай, болашаққа қандай мақсатпен қадам басатынымызды айқындайтын маңызды кезең. Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру, цифрлық технологияларды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашу бағыттарын ерекше атап өткім келеді.
Бірінші – цифрландыру және жасанды интеллект.
Бүгінде цифрлық технологиялар тек заманауи үрдіс емес, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды құралға айналды. Мемлекет басшысының цифрлық экономиканы дамытуға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін нақты іске пайдалануға басымдық беруі өте өзекті.
Әсіресе, смартфонды тек ақпарат тұтыну құралы емес, табыс табуға, білім алуға және кәсіби дамуға мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдалану идеясын маңызды деп санаймын. Бұл жастар үшін жаңа кәсіптер мен еңбек нарығына шығудың тың жолдарын қалыптастыра алады.
Екінші – әлеуметтік инфрақұрылым және өңірлердің дамуы.
Мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды нысандар. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту жұмыстары нақты қажеттілікке негізделіп, сапалы әрі жүйелі жүзеге асырылуы керек.
Қарқынды дамып келе жатқан Астана үшін де бұл мәселенің маңызы зор. Қала өскен сайын әлеуметтік нысандарға деген сұраныс артады. Ең бастысы – қаланың дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасымен қатар жүруі қажет.
Үшінші – отандық өндіріс пен экономикалық дербестік.
Елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған кезде құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге басымдық беру маңызды. Бұл ішкі нарықты дамытуға, кәсіпорындардың әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде шикізатты өндірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтылуы қажет.
Төртінші – жастардың әлеуетін іске асыру.
Жастар саясаты саласында жұмыс істей жүріп, жас буынға мүмкіндік берудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бүгінгі жастар білімді, бастамашыл және жаңа технологияларды тез меңгереді. Ендігі міндет – осы әлеуетті нақты нәтижеге бағыттау.
Жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыс табуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруына жағдай жасау қажет. Жас азаматтарға сенім білдірумен қатар, оларға жауапкершілік жүктеу де маңызды.
Менің ойымша, ел дамуының маңызды көрсеткіші – қабылданған шешімдердің қарапайым азаматтардың өміріне тигізетін нақты әсері. Кез келген бастама нәтижесімен бағалануы тиіс.
Бүгінгі міндет – айтылған бастамаларды нақты іске айналдыру. Бұл мемлекеттік органдардың ғана емес, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Қазақстанның болашағы – бүгінгі еңбегімізге, бірлігімізге және өзгерістерге қаншалықты дайын екенімізге байланысты. Еліміздің дамуына үлес қосу әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыздан басталады.
Арсланбек Мағзұм,
«Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Астана қалалық филилалының төрағасы