INTERPOL SUNRISE халықаралық операциясы өткізілді

INTERPOL SUNRISE халықаралық операциясы өткізілді
фото: ҚР ІІМ

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы Интерпол Бас хатшылығының өкілдерімен бірлесіп, SUNRISE халықаралық операциясы аясында іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Операция барысында тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруге, құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге және шетел азаматтарының деректерін Интерполдың халықаралық дерекқорларымен жедел салыстыруға арналған HOTSPOT және SCREEN заманауи мобильді құрылғылары қолданылды.

Атап айтқанда, HOTSPOT құрылғысы INTERPOL BioHub биометриялық платформасы арқылы саусақ іздерін тексеруге және бірнеше секунд ішінде нәтиже алуға мүмкіндік береді. Ал SCREEN құрылғысы құжаттарды халықаралық дерекқорлар бойынша тексеруге арналған.

Операцияның негізгі мақсаты – халықаралық іздеуде жүрген адамдарды анықтау, террористік және өзге де трансұлттық қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғалардың мемлекеттер арасындағы жүріп-тұруының алдын алу, сондай-ақ Интерполдың заманауи технологияларын Қазақстанның құқық қорғау органдарының қызметіне енгізу.