Жанарбек Әшімжан: Бұл Жолдау конституциялық реформалар және саяси жаңғырудан кейін жолдануымен құнды

Жанарбек Әшімжан: Бұл Жолдау конституциялық реформалар және саяси жаңғырудан кейін жолдануымен құнды
фото: жеке мұрағатынан

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының бұл жолғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі Конституциялық реформалар мен саяси жаңғырудан кейін жолдануымен құнды екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы Жолдау Қазақ Елінің алдағы даму бағдарын айқындап, тарихи жауапкершілігімізді терең сезінуге үндейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

-Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі бүгінгі міндет – қол жеткізген жетістіктерді еселеу ғана емес, келер ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, әлеуметтік мүмкіндіктері тең әрі заң үстемдігі орныққан мемлекетті аманаттау. Президент атап өткендей, күрделі геосаяси жағдайда ел егемендігін нығайтудың басты шарты – ішкі тұрақтылық, қоғамдық келісім және жүйелі еңбек. Бірлік пен тәртіп жоқ жерде тұрақты даму да болмайды. Сондықтан елдің болашағы әрбір азаматтың жауапкершілігіне, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және қоғамның ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне байланысты болмақ, - деді ол. 

Осы тұрғыдан алғанда депутат «Халықтық құрылыс» жобасының маңызы зор екенін жеткізді. Инфрақұрылымды жаңғырту, шалғай елді мекендерде мектептер, медициналық, мәдениет және спорт нысандарын салу, жолдарды жөндеу, ауыз су мен газ жеткізу – халықтың тұрмыс сапасын арттыратын нақты қадамдар. Сонымен бірге бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына серпін беруге тиіс. Мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы, жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты талап.

-Экономикалық дербестікті нығайту үшін шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беру қажет. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен су үнемдеу технологияларын енгізу, өнімді терең өңдеу және логистиканы жетілдіру де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ал әділ бәсеке мен кәсіпкерлікті қолдау инвестиция тартудың және экономиканы өркендетудің маңызды шарты болмақ, - дейді депутат. 

Депутат жасанды интеллект пен цифрландыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі құралдардың бірі екенін айта келе, озық технологияларды өндіріс пен мемлекеттік басқаруға енгізу еңбек өнімділігін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартатынын жеткізді. Дегенмен технологиялық жаңғыру білім мен ғылымды дамытумен қатар жүруге тиіс. Білікті маман даярлау, адами капиталға инвестиция салу – болашақ табыстың берік негізі.

-Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі маңызды міндет. Халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, медициналық көмектің сапасын жақсарту, мұғалім мәртебесін қорғау және мұқтаж азаматтарға атаулы қолдау көрсету реформалардың негізгі нәтижесіне айналуы қажет. Бұл ретте мемлекеттік басқаруды жетілдіру, бюрократияны қысқарту және заң талаптарын мүлтіксіз орындау айрықша маңызды. Жолдаудағы «Адал азамат» қағидатының да мәні терең. Отаншылдық – елді сүюмен ғана шектелмейді. Ол – заңды құрметтеу, адал еңбек ету, тәртіп сақтау және қоғам игілігіне үлес қосу. Осы құндылықтар орныққанда ғана Әділетті Қазақстан құру мақсаты нақты нәтижеге айналады. Құрылтай депутаты ретінде Жолдауда белгіленген міндеттердің заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз етілуіне, халықтың сұранысы мен өңірлердің қажеттіліктері ескерілуіне ерекше мән беру қажет деп санаймын. Елдің қуаты – экономикасында, болашағы – білімді ұрпағында, ал табысының негізі – адал еңбекте. Мемлекет, қоғам және бизнес бір мақсатқа жұмылып, бірлік пен жауапкершілікті ту еткенде ғана Қазақстанның тұрақты дамуына және жарқын болашағына берік негіз қаланады, - деді сөзінің соңында Ж. Әшімжан.