Жаңғырудың маңызды кезеңі

Жаңғырудың маңызды кезеңі

Мемлекеттік қызметтің сапасы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Азаматтардың сенімін нығайту, қоғамның сұранысына жедел жауап беру және халықтың мүддесін басшылыққа алу кәсіби әрі жауапты мемлекеттік аппарат қалыптастыруды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, биыл қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң саланы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды.

Құжатта мемлекеттік қызметтің миссиясын айқындау, меритократия қағидатын нығайту, кадрлық процестерді цифрландыру, жастардың әлеуетін пайдалану және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын қолдау мәселелеріне ерекше мән берілген. Жаңа заңның негізгі бағыттары мен мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Бауыржан Балғабековпен әңгімелестік.

– Бауыржан Нұрлыбекұлы, жаңа Заңды мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезең деп бағалауға бола ма?

– Әрине. Бұл – тек құқықтық нормаларды жаңарту емес, мемлекеттік қызметтің мазмұны мен басымдықтарын қайта пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды өзгеріс. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі атқарылған рәсімдердің санымен емес, оның қоғамға тигізген нақты пайдасымен өлшенуі тиіс.

Жаңа заңның негізгі бағдары – кәсіби, нәтижеге бағытталған және азаматтардың сеніміне ие мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Ол Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген міндеттерді іске асырумен сабақтасып, мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін дамытуға жол ашады.

– Заңда мемлекеттік қызметтің миссиясы алғаш рет айқындалды. Бұл өзгерістің мәні неде?

– Мемлекеттік қызмет – белгілі бір лауазымды атқарумен шектелмейтін, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті талап ететін қызмет. Оның түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық сенімді нығайту және елдің дамуына үлес қосу.

Миссияның заңнамалық деңгейде бекітілуі мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысына нақты бағдар береді. Қабылданған әрбір шешімнің, атқарылған әрбір міндеттің нәтижесі азаматтардың өміріне оң әсер етуі керек. Сондықтан кәсібилікпен қатар адалдық, жауапкершілік және халыққа қызмет ету құндылықтары да маңызды орын алады.

– Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінде қандай өзгерістер көзделген?

– Кадрларды іріктеу рәсімдерін ашық, қолжетімді әрі тиімді ету – жаңа заңның маңызды бағыттарының бірі. Конкурстық рәсімдерді «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы цифрландыру үміткерлерге қойылатын талаптардың ашықтығын қамтамасыз етуге, адами фактордың ықпалын азайтуға және рәсімдердің бірізділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Цифрлық форматтың артықшылығы тек уақыт үнемдеумен шектелмейді. Ол үміткерлер үшін ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетіп, іріктеу процесінің ашықтығын арттырады. Дегенмен, жүйенің тиімділігі технологиямен ғана өлшенбейді. Оның нәтижесі заң талаптарының сақталуына, рәсімдердің дұрыс ұйымдастырылуына және барлық қатысушыға тең мүмкіндік берілуіне де байланысты.

– Жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қандай мүмкіндіктер ашылады?

– Мемлекеттік аппараттың болашағы бүгінгі жас мамандардың біліміне, бастамашылдығына және елге қызмет етуге деген ұмтылысына байланысты. Сондықтан жастарды мемлекеттік қызметке тарту ғана емес, оларды осы жауапты қызметке жүйелі түрде даярлау да маңызды.

Заңда мемлекеттік қызметке даярлау институтының көзделуі дарынды жастарды ерте кезеңнен анықтауға, олардың әлеуетін дамытуға және мемлекеттік басқару саласына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – болашақ кадрларды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жастар үшін мемлекеттік қызмет өз білімін тәжірибеде қолданып, қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуге қатысатын кәсіби орта болуы тиіс.

Сонымен қатар, енгізілген заңнамалық өзгерістер жоғары оқу орнын жақсы академиялық көрсеткішпен аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, жоғары оқу орнын GPA 3,33-тен төмен емес көрсеткішпен аяқтаған түлектерге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан өзге өңірлердегі аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметке конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Осы бағытта «TULEK» порталы іске қосылып, мемлекеттік қызметке орналасуды жоспарлаған жастарға тиісті талаптармен танысу және бос лауазымдар туралы ақпарат алу мүмкіндігі пайда болды.

– Қазіргі мемлекеттік қызметшілер үшін қандай жаңашылдықтардың маңызы зор?

– Мемлекеттік қызметшінің кәсіби дамуы үздіксіз үдеріс болуы керек. Қоғамның сұранысы өзгерген сайын басқару тәсілдері де жетілдіріліп, қызметшілердің жаңа құзыреттерді меңгеруіне қажеттілік артады. Осыған байланысты оқыту, кәсіби қабілеттерді дамыту, қызмет нәтижелерін бағалау және мансаптық жоспарлау тетіктерін жетілдіру маңызды.

Сонымен қатар «Б» корпусы қызметшілері үшін көлденең мансаптық өсу мүмкіндіктері мен кәсіби деңгейіне қарай еңбекақыны саралау тетіктері көзделген. Мұндай тәсіл тәжірибелі мамандардың әлеуетін сақтауға, олардың біліктілігін дамытуға және қызмет нәтижесіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

– Сөз соңында мемлекеттік қызметшілер мен осы саланы таңдауға ниетті жастарға қандай тілегіңіз бар?

– Мемлекеттік қызметті таңдау – үлкен сенім мен жауапкершілікті қабылдау. Бұл салада табысқа жету үшін кәсіби біліммен қатар адалдық, бастамашылдық, тәртіп және ел игілігі үшін еңбек етуге деген шынайы ниет қажет.

Әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысында заңдылықты, әділдікті және азаматтардың мүддесін басты орынға қоюы тиіс. Ал мемлекеттік қызметке келуді көздеген жастарға білімін жетілдіріп, өз қабілеттерін дамытуға және қоғамға пайдалы болуға ұмтылуға кеңес берер едім.

Жаңа заңның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – мемлекеттік органдардың да, әрбір мемлекеттік қызметшінің де ортақ міндеті. Өйткені кәсіби әрі жауапты мемлекеттік аппарат қалыптастыру – ел дамуының, қоғамдық сенімнің және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды негізі.

– Бауыржан Нұрлыбекұлы, ашық әрі мазмұнды сұхбатыңызға рақмет! Жаңа заңның тиімді іске асырылуы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.