Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арналған бүгінгі Жолдауында адами капиталды дамыту, ғылым мен жаңа технология мәселелері - ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі болып қала беретіндігі екпін түсіріле айтылды.
Заманның басты қуаты - білім мен ғылымда, озық инновацияларда екенін тілге тиек еткен Президент “Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды” ,- деді.
Сапалы ұлт қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекетімізге мықты ғалымдар кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болатындығы айрықша айтылуы әлеуметтік сала мамандарына да зор жауапкершілік жүктелетінін аңғартты. Әсіресе, білім мен ғылым – адами капиталды дамытудың күретамыры екені асты сызылып айтылуы да бекер емес.
“Ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын” деген Мемлекет басшысының сеніміне селкеу түсірмей, Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын заман талабына сай тәрбиелеп, жаңа технологияларды мықты меңгерген, сапалы мамандар етіп даярлап, оларды ғылымға тарту жолында аянбай атсалыса берейік, әріптестер!
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик