Жақсының жазуы

Жақсының жазуы

Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, филология ғылымдарының ­докторы, профессор, дипломат Серікқали Ердіғалиұлы Байменшенің жұртшылыққа жете белгілі қыры – ғалым-зерттеушілігі. Ол жазушы Бейімбет Майлиннің шығармаларын терең зерделеп, осы тақырып бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады.

Қазақ әдебиетінің классигі, аса көрнекті жазушы, кемелденген рухани мәдениеті­міздің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Бейімбет Майлиннің мол мұрасының тәуелсіз елдің мұратына сай бүгінгі таңдағы жаңаша зерттелуі Серікқали Байменше еңбектерінен басталады.

Зерттеуші С.Байменше «Талант тапқа бөлінбейді» деген идеяны ұстана отырып, Бейімбет болмысын біртұтас шығармашылық құбылыс ретінде қарастырды. Бұл оны Б.Майлиннің шығармашылығын зерттеу­дің алдағы уақытқа үлгі болатын жаңа ғылыми бағытын қалыптастырған, ұлттық әдебиетіміздің тарихын жаңаша жазуға қатысқан ғалым деп ілтипатпен атауға толық негіз береді.

Әрине, кеңестік заманда да Бейімбет мұрасы зерттелді, бірақ жазушы шығармаларын тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі көзқараспен зерттеудің орны бөлек еді. Осы тұрғыдан келгенде, жазушының өмірі мен шығармашылығы хақында бір жүзден астам ғылыми мақала, монографиялық зерттеу еңбектерін жазған Серікқали Байменшеден артық Бейімбетті білетін жан бүгінде кемде-кем шығар.

Оның құрастыруымен және ғылыми түсіндірмелерімен Бе­йімбет Майлиннің көптеген белгісіз шығармасы жеке кітап болып бірнеше рет жарық көрді. Аға буын зерттеуші Тоқтар Бе­йісқұловпен бірлесіп, Бейімбет Майлиннің белгілі және белгісіз туындыларынан тұратын көп томдық шығармалар жинағын шығару жөніндегі жаңа ғылыми жобаны жүзеге асырды.

«Жақсы жазушы журналист бола алмайды, жақсы журналист жазушы бола алады» деп атақты қаламгер Әзілхан Нұршайықов айтқандай, жақсы журналист Серікқали Байменшенің (Қазақстан Журналистер одағының С.Масғұтов атындағы сыйлығының лауреаты, «Жас Алаш» газетінің Ғани Мұратбаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері, Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипломының, «Бауыржан Момышұлы» құрметті белгісінің иегері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі және Қазақстанның құрметті журналисі) көркем шығармашылығы да көпке таныс. Ең алғаш «Келін» әңгімесінен («Жалын» альманағы, 1977) басталған көркем шығармалары «Қос жүрек» деген атпен «Достық бастаулары» (1990) жинағында жарияланды.

Таяуда «Қазақстанның құрметті жазушысы» атанған қарымды қаламгердің қалың оқырман назарын аударған маңызды тарихи-танымдық еңбектері баршылық. Соның бірегейі ретінде екі мыңыншы жылдардың басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?» атты мақаласының орны бөлекше көрінеді. Бұл шығармасы сол жылдары жұртшылық арасында рухани сілкініс әкелген тың еңбек болғаны әлі есімізде.

Серікқали Байменшенің елеу­лі елдік еңбегі дипломатия саласында көрінді. 2007 жылдан бастап Қазақстан Рес­публикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде, кейін Еуразиялық экономикалық комиссияда дипломат мәртебесінде жауапты қызметтер атқарған дипломат Серікқали Байменше осы кезеңде бойға біткен қаламгерлік, журналистік қасиетіне орай мемлекет үшін маңызды оқиғаларды қалт жібермей, дер кезінде араласып, көптеген іс-шараның бастамашысы һәм атқарушысы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Соларды саралап айтып көрейік.

Қазақтың тұңғыш басылымы саналатын «Айқап» журналының тарихымен жақсы таныс С.Байменше кезінде журналдың алда болатын 100 жылдығы қарсаңында 2009 жылы Омбы қаласында өткен «Казахи в России: история и современность» деп аталатын халық­аралық ғылыми-практикалық конференция­да «Первый казахский общенациональный журнал» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасап, жан-жақтан жиналған ғалымдар мен зерттеушілерге, Ресейдегі қазақ ­диаспорасы өкіл­деріне бірінші рет «Айқап» журналы туралы толық мәлімет берді. Осы отырыста ол «Айқап» журналының 100 жылдығына орай Ресей жерінде ескерткіш белгі орнату жөнінде мәселе көтерді.

С.Байменше Челябі облысындағы Троицк қаласының әкімшілігінде, оқу орындарында, өлкетану мұражайында, басқа да тарихи орындарда болып, «Айқап» журналы жөнінде көптеген мәлімет жинады. Троицк қаласында ХХ ғасыр басында оншақты жекеменшік баспахана болған екен. «Айқап» өз кезінде Шмуль ­Сосновскийдің иелігіндегі әрі оның өзі басқарған «Энергия» баспаханасында басылып шыққан, 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» нөмірлерінің титул бетінде нақ осы баспа­хана көрсетілген.

С.Байменше осы іссапарлары барысында «Айқапты» бес жыл бойы басып шығарған ескі «Энергия» баспаханасының екі қабатты ескі үйін тапты. Кейін Ресей жеріндегі осы ескі үйдің қабырғасына «Бұл ғимаратта 1911-1915 жылдары «Айқап» атты тұңғыш қазақ журналы шығарылды. Редакторы – ақын әрі ағартушы Мұхамеджан Сералин» деген сөздер жазылған ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл дипломат С.Байменшенің Ресейде еңбек еткен жылдары сол елде тұратын отандастарымыздың өз тарихын ұмытпауы үшін жасаған көп еңбегінің бір мысалы ғана еді. Орынборда шыққан атақты «Қазақ» газетінің басқармасы тұрған үйге ескерткіш тақта қою ісінің басы-қасында да Серікқали Ердіғалиұлы жүрді.

Серікқали Байменше Ресейдегі елшілікте қызметте жүрген кезінде 30-жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарының тағдыр-талайы жөнінде тағылымды іс тындырды. Қаламгер осы кезеңде мұрағат материалдарын, жалпыресейлік тарихи-ағарту, қайырымдылық қоғамдарының қызметін пайдалана отырып, көп жұмыс атқарды. Ол қарапайым халыққа есімі белгілі, белгісіз азаматтардың жатқан жерлері, өмір тарихы жөнінде біраз дерек жинады.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі өкіл тілшісі міндетін қоса атқара жүріп, осы тақырыптарды қамтитын, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Құпия құлпытас», «Бесеудің бесігі» сияқ­ты очерк-эсселері ел есінде қалып, көпшілік тарапынан елеу­лі ықылас тудырғаны белгілі.

Журналист-жазушы, ғалым, аудармашы, дипломат Серік­қали Байменшенің Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіндегі, халықаралық ұйым – Еуразия­лық экономикалық комиссия­дағы еңбегінің елеулі жемісі халықаралық қатынаста қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтумен тығыз байланысты. Ол дипломатия саласындағы көптеген терминнің бір ізге келтірілуіне, олардың орнымен әрі дұрыс қолданылуына, қазақстандық дипломаттардың, халықаралық мемлекеттік қыз­метшілердің мемлекеттік тілді жан-жақты меңгеруіне көп еңбек сіңірді. Соның бірі оның басшылығымен және тікелей қатысуымен ТМД аумағында алғаш рет тізілген көп тілді сөздік болса керек. «Еуразия­лық экономикалық одақ органдарының актілерінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері» деп аталатын алты тілдегі (орыс-армян-белорус-қазақ-қырғыз-ағылшын) анықтамалық басылым-сөздікте 2800-ден астам сөз бен сөз тіркесі топтасты.

Қай салада жүрсе де, өзінің адами, азаматтық, кәсіби, ғы­лыми қолтаңбасымен оқшау тұратын, өзіне тапсырылған кез келген істі абыроймен атқаратын абзал да ардақты азаматтың осынау халықаралық қызметші мәртебесіндегі атқарған істері елдік мұратпен ұштасып, елдік еңбекке айналғаны мақтау­ға да, мақтануға да сыйысады.

Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» медалінің, сыртқы саясат саласының «Еңбек ардагері» медалінің иесі, дипломат Серікқали Байменшенің көркем-публицистикалық және ғылыми шығармашылығы «Бейтаныс Бейімбет», «Ғайып қалам», «Жігер» сынды монографиялық еңбектерінен, «Тағзым», «Зергердің зертханасы», «Сәт сағат», «Сырдесте», «Уақыт уәжі», «Тары тариххаты», «Жерде жазған жұлдыз» секілді тарихи-танымдық кітаптарынан айқын көрінеді.

Мемлекетік терминология комиссиясының мүшесі ретінде мемлекеттік тілдің мəртебесін арттыру жолында атқарылуға тиіс көкейтесті мəселелерді ортаға салып, бүгінгі аударма жайын қозғап, сөзжасам практикасына, термин түзуге қ­атыс­ты нақты ұсыныс-пікірлерін білдіріп жүрген әлеуметшіл қаламы да құрметке лайық. Өткен жылы жарық көрген «Тілге тілмаш» кітабы тақырыптық тұрғыда шетін мәселенің ширақтықпен шешілуін ұсынған өзіндік ерекшелігімен дара тұр.

Серікқали Байменше Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) аспиранты, аға оқыту­шысы болған кезінде жас журналистерді даярлау ісіне елеулі еңбек сіңірді. Оның «Баспасөздегі жанрлар жүйесі» еңбегі бүгінде журналистика мамандығы бойынша көмекші құрал ретінде пайдаланылып жүр. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше мәрте мемлекеттік ­аттестаттау комиссиясының мүшесі, төрағасы болды, диссертациялық кеңес құрамына сайланды, журналистика мамандығы бойынша жалпы және арнаулы курстар жүргізіп, маман кадрларды ­даярлауға ­атсалысты.

Ресей Аудармашылар одағының мүшесі Серікқали Байменшенің бірқатар шетелдік жазушының (П.Уайт, У.Гольдинг, Ч.Диккенс, Г.Фиш, Х.Мураками және т. б.) еңбектерін қазақ тіліне аударып, кейбіреуін жеке кітап етіп шығарғанын және Ресейде еңбек еткен кезінде жетпістен астам халықтың төл шығармаларын қазақ тіліне аударып, «100 ертегі» деп аталатын, оқырман арасында кең таралған елеулі ертегілер жинағын қазақ балаларына ұсынғанын да ұмытпағанымыз жөн.

Ардагер көсемсөзші қа­лам­гердің әріптес інісі, танымал журналист Нұрмұқамбет ­Дияровтың:

Байменше Серікқали, биіктесің,

Молдадай кейінгілер ұйып көрсін.

Жазуы жақсылардың сендей болсын,

Белбеуін жас буындар түйіп келсін! – деп өлең сөзге ораған ақжармасы – рас тілек. Шынында, жақсылардың жазуы бөлек қой. Қашан да көсіле тербейтін ғазиз қалам иесі – тәлімгер ағаның алда да жаңа шығармашылық табысқа жетіп, биік белестерден өте ­беруіне тілектеспіз!

Жәнібек ЖҰМБЕРГЕНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, дипломат