«Жауапты ата-ана – қауіпсіз балалық шақ»

«Жауапты ата-ана – қауіпсіз балалық шақ»
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейінде 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні аясында «Жауапты ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» қалалық форумы өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы аталған жоба аясында ұйымдастырды. Форумда балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Форумға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының өкілдері және елордалық мектептердің белсенді ата-аналары қатысты.

Спикерлер қатарында Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Балаларды қорғау бағдарламасының үйлестірушісі Азамат Жаманчинов, «Әкелер одағы» РҚБ Астана филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев, отбасылық психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабай болды. Форумның модераторы – «Отбасы мектебі» білім және жастарды қолдау қорының директоры Серік Сейітман.

«Баланың қауіпсіздігі ең алдымен отбасынан басталады. Баланың әлем туралы алғашқы түсінігін қалыптастырып, жауапкершілікке, құрметке және қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйрететін де ата-ана. Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау туралы айтып қана қоймай, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен ата-аналар арасындағы тиімді байланысты жолға қою маңызды. Бұл тараптардың ешқайсысы баланы толыққанды қорғауды жалғыз өзі қамтамасыз ете алмайды. «Жауапты ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» жобасы ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қауіпсіз балалық шақ мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осындай бастамалар қоғамның әрбір баланың амандығы жолындағы күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді деп сенемін», – деді Астана қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай.

Форум барысында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер, қауіпсіз орта қалыптастырудағы ата-ананың рөлі, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласында отбасы, қоғам және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс талқыланды.
Іс-шара аясында бала тәрбиесіне және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген белсенді ата-аналарға Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының сертификаттары табысталды. Сонымен қатар қатысушыларға «Отбасы мектебі» қоры әзірлеген «Қауіпсіз отбасы» паспорттары таратылды.

Форум тәжірибе алмасуға, сол сияқты отбасы институтын нығайту, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және әрбір бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы ортақ тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берді.