«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында iKOMEK қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы елордалық Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп Астана тазалығын сақтау және қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу мақсатында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жыл басынан бері сала мамандары заңсыз қоқыс төгу фактілерін анықтау және абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша бірнеше рейд ұйымдастырды. Бірлескен бақылаулардың нәтижесінде 10 244 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Атап айтсақ, әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 441-бабында көрсетілгендей, жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 5 276 құқық бұзушылық, ұсақ бұзақылықтар (434-бап) бойынша - 2 176, алкогольді ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру (440-бап) бойынша – 129; абаттандыру ережелерін бұзу (505-бап) бойынша – 357 және белгіленбеген жерде сауда жасау (204-бап) бойынша 20 құқық бұзушылық орын алды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс қағидаларын бұзуы, жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігін белгілеумен белгіленген талаптарды сақтамау, жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау, жалпы су пайдалану ережелерін бұзу, жолдардың, теміржол өткелдерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдануы, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау секілді қоғамдық орынның ластануына жол беретін оқиғалар азаймай отыр.
iKOMEK109 орталығының басшысы Асқар Тақсымовтың айтуынша, елордадағы қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен тұрғындарға қолайлы қалалық орта қамтамасыз ету үшін мамандар үздіксіз бақылау жүргізіп, ахуалды жедел талдау арқылы ықтимал қауіптердің алдын алумен бірге туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етуде.
– Басты мақсатымыз – Астана қаласын тұрғындар үшін қауіпсіз, таза әрі жайлы қалаға айналдыру. Қалалық инфрақұрылымды тәулік бойы бақылаудың арқасында ситуациялық орталық мамандары құқық бұзушылықтарды, вандализм деректерін, абаттандыру қағидаларының сақталмауын және жедел әрекет етуді қажет ететін өзге де оқиғаларды дер кезінде анықтап, қала тазалығы мен тәртібін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр, - деді орталық басшысы.
Бүгінде бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасуда. Бейнемониторинг жүйесі қоқысты рұқсат етілмеген орындарға төгу, қалалық мүлікті бүлдіру және басқа да құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
– Бейнебақылау жүйесіндегі әрбір камера – құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін маңызды құрал. Полиция департаменті мен қалалық iKOMEK109 орталығының бірлескен жұмысының арқасында құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, оқиғаларға жедел ден қойылып, ықтимал қауіптердің алдын алу мүмкіндігі артып келеді, - деді Астана қаласы ПД Жедел басқару орталығының аға инспекторы Марат Ишкалиев.
Мамандардың мәлімдеуінше, қоғамдық орында қоқыс тастағандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал заң бұзушылық қайталанса, айыппұл екі есеге артады.