Тиімсіз шығындарға жол берілмейді

Тиімсіз шығындарға жол берілмейді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Ел Президентінің биылғы Жолдауынан көп дүниені көңілге түюге болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Үкімет ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен тұрақты арттыруды жалғастырады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (АЕК) 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін, яғни 25 мың теңгеге немесе 30%-ға ұлғаяды. Бұл 1,8 млн-ға жуық азаматтың, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджеттік сала қызметкерлерінің табысын ұлғайтады. Ең төменгі жалақыны арттыру, ең алдымен, еңбекақы деңгейі төмен азаматтардан басталады.

Атап кеткен жөн, АЕК арттырудың экономикалық маңызы анағұрлым кең. Ең төменгі еңбекақының өсуі халық табысының және ішкі тұтынушылық сұраныстың ұлғаюына ықпал етеді. Бір мезгілде жұмыс берушілер үшін еңбекақы төлеу шығыстары артады, бұл бизнестің өнімділігі мен тиімділігін арттыруды талап етеді. Бұл ретте жалақыны ұлғайтудың нақты әсері инфляция деңгейіне тікелей байланысты. Егер бағаның өсуі табыстың өсуінен озып кетсе, халықтың сатып алу қабілеті айтарлықтай өзгермейді. Осыған байланысты Жолдауда инфляцияны жүйелі түрде төмендету экономикалық саясаттың негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалған.

Сонымен қатар Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тексерулерге бұған дейін енгізілген мораторийдің нәтижесін ескере отырып, жаңа үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.

Кейінгі жылдары мемлекеттік бақылаудың либерализациялануына қарамастан, бизнес әлі де айыппұлдарға, жоспардан тыс тексерулерге және камералдық бақылауға, соның ішінде шоттардың бұғатталуына тап болуда. Мәселен, тек бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан жіберілген бұзушылықтар саны 34%-ға азайғанымен, салынған айыппұлдардың сомасы шамамен 11%-ға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.

Жаңа мораторийді тек тексерулерді уақытша шектеу ретінде емес, бүкіл бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс ретінде пайдалану ұсынылады. Осы кезеңде бизнесті реттеудің цифрлық моделіне көшу көзделеді, бюджет саласында орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылады. Мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтап, бюджет ағындарын басқарудың бірыңғай әдіснамасын қалыптастыру қажет.

Салық саласында жаппай цифрландыру арқылы салық салудың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Салық түсімін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту және жемқорлық сын-қатерлерін азайту үшін озық технологияларды – жасанды интеллектіні пайдалану қажет. Бақылау-қадағалау саласында қолданыстағы жүйені толық қайта жүктеп, реттеудің цифрлық моделіне көшу көзделген.

 

Кендебай АДАМБЕК,

Құрылтай депутаты,

қаржы және бюджет комитетінің мүшесі