Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысына елордалық Жас сайлаушылар клубының мүшелері қатысты.
2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында жас және болашақ сайлаушылардың электоралдық мәдениетін арттыру мәселелері бойынша ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының Жас сайлаушылар клубтарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық белсенділікті дамыту және электоралдық ағарту жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі негізде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, 2028 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырды. ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік еліміздегі 248 Жас сайлаушылар клубының қызметі туралы баяндап, одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын атап өтті.
Сарапшылар да бірқатар бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, жастардың электоралдық білім деңгейі мен қызығушылықтарын зерделеу мақсатында социологиялық зерттеулер жүргізу, ОСК сайтында бейнематериалдар мен тесттер қамтылған білім беру бөлімін құру, жастардың білім беру платформасын және электоралдық волонтерлікті дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар сарапшылар электоралдық ағартудың теориялық негіздерін нығайтудың, азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты кеңейтудің және заманауи цифрлық форматтарды дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Алматы және Астана қалаларының Жас сайлаушылар клубтарының өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар клубтардың жастардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы қызметі, сондай-ақ «құрдастан құрдасқа» қағидатын қолдану және жастар диалогын дамыту туралы баяндады.
Кездесу тәжірибе алмасуға, өзекті бастамаларды талқылауға және жас әрі болашақ сайлаушыларды ағартудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды.
Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы жастардың құқықтық сауаттылығын, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және олардың елдің қоғамдық өміріне саналы қатысуын дамытуға бағытталған елордалық Жас сайлаушылар клубының бастамаларын қолдауды жалғастыруда.