Өрт сөндірушілердің жұмысы сырт көзге батылдық пен жылдамдықты талап ететін қызмет болып көрінгенімен, оның артында күнделікті дайындық, тәртіп және жауапкершілік жатыр. Бір шақырту түскен сәтте санаулы минуттың өзі адам өмірі үшін шешуші болуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылардың қызмет атқаратын орнының жағдайы, техника мен құрал-жабдықтың дайындығы аса маңызды. Осыны өз көзімізбен көру үшін Астанадағы №8 өрт сөндіру бөліміне барып, жақында ғана қала әкімдігінің тікелей қолдауымен жаңартылған нысанның жағдайымен таныстық. Мұнда күрделі жөндеуден кейін қызметтік бөлмелер мен бөлім аумағы толық жаңартылып, құтқарушыларға қызмет өткеруге қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасының дайындығын көріп, бөлім қызметкерлерінің күнделікті жұмыс барысымен таныстық.

№8 өрт сөндіру бөлімі елорданың Байқоңыр ауданындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Күрделі жөндеу барысында ғимарат толық жаңғыртылып, өрт сөндіру автокөліктеріне арналған гараж қайта жабдықталған. Инженерлік желілер жаңартылып, бөлімнің айналасы абаттандырылған. Сондай-ақ арнайы техникаға қызмет көрсетуге арналған жуу боксы орнатылған.

Құтқарушылар үшін тек қызметтік емес, тұрмыстық жағдайларға да көңіл бөлінген. Бөлім аумағында заманауи воркаут және футбол алаңдары жабдықталып, демалыс орындары жаңартылған. Айналаға ағаштар мен гүлдер отырғызылып, қызметкерлердің тынығып, дене дайындығын шыңдауына мүмкіндік жасалған. Жеке құрам жаңа арнайы киіммен де қамтамасыз етілген. Бөлімнің негізгі жұмыс құралы – әрине, өрт сөндіру техникасы. Қазір мұнда төрт арнайы автокөлік бар. Олардың қатарында сатылы техникамен бірге КамАЗ, «Урал» секілді көліктер де бар. Әрқайсысы түрлі жағдайдағы өртке жедел жетіп, қажетті жұмыстарды атқаруға бейімделген.

Бөлімшенің күнделікті тіршілігімен танысу барысында мұнда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мамандардың әңгімесін де тыңдадық. Бөлімше командирі Айдын Базарбекұлы бұл қызметтің өзі үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен абырой екенін айтады.
«2009 жылдың сәуір айынан бері осы қызметтемін. Осы жылдар ішінде талай жағдайды бастан өткердік. Құтқарушы үшін ең бастысы – халыққа көмектесу. Әсіресе 2022 жылы Қостанай облысында болған өрт кезінде атқарған қызметіміз әлі есімізде. Сол кезде тұрғындардың алғысын естіп, ризашылығын сезіндік. Мұндай сәттер біздің жұмысымыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір түсіндіреді. Қызмет барысында халықтың алғысына бөленіп жатамыз. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе», – дейді бөлімше командирі.

Құтқарушылардың жұмысы тек өрт болған кезде басталмайды. Әр күнгі кезекшілік, техниканы тексеру, құрал-жабдықтарды әзір ұстау, дене дайындығын жетілдіру – барлығы тосын жағдайға дайын болудың бір бөлігі. Жаңартылған бөлімдегі жағдай да осы талаптарға сай ұйымдастырылған.
Жаңарған ғимарат, заманауи техника мен жасалған қолайлы жағдайдың барлығы бір мақсатқа – құтқарушылардың жауынгерлік әзірлігін арттырып, төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалуға бағытталған.
Шапағат ӘБДІР