Елордалық әжелер Бакуде сән апталығына қатысты

Елордалық әжелер Бакуде сән апталығына қатысты
фото: Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Астана қаласының «Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» шығармашылық ұжымы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Baku Fashion Week халықаралық сән апталығына қатысып, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін халықаралық көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2026 жылғы 12–14 қараша аралығында өткен сән апталығы қазақстандық өнер мен ұлттық мәдениетті шетелде танытуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Бұл жолы елордадан барған әжелеріміз тек сән үлгілерін көрсетіп қана қоймай, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық болмысын және әсемдікке деген талғамын паш етті.

Халықаралық сән сахнасында қазақстандық дизайнер Раушан Ануарбекованың авторлық екі топтамасы ұсынылды. Оның бірі – «Ақ Маржан». Атауының өзі нәзіктік пен әсемдікті аңғартатын бұл топтама ұлттық киім үлгілерінің көркемдік ерекшеліктерін заманауи сәнмен үйлестірген. Ал «Поющие барханы»  топтамасы қазақ даласының табиғатынан, оның қайталанбас сұлулығы мен ұлттық рухынан шабыт алған. Екі топтамада да дәстүр мен заманауи дизайнерлік шешімдер өзара жарасым тапқан.

Подиумға шыққан әжелеріміздің әр қадамы – өмірге деген құштарлықтың, өнерге деген сүйіспеншіліктің және жас ұрпаққа үлгі боларлық белсенділіктің көрінісі. Олар жас ерекшелігіне қарамастан, шығармашылықтың шекарасы жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сән әлемінде өздерін еркін сезініп, ұлттық киімдеріміздің сұлулығын асқақтата көрсетуі көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

«Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» ұжымының халықаралық сән апталығына қатысуы – белсенді ұзақ өмір сүру идеясын насихаттаудың да жарқын үлгісі. Өйткені белсенді ұзақ өмір сүру дегеніміз – тек денсаулықты күту ғана емес, сонымен қатар қоғам өміріне араласу, жаңа белестерді бағындыру, қабілетіңді шыңдау және өмірдің әр кезеңінен шабыт табу.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызының айтуынша, мұндай халықаралық жобалар аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін ашып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға үлкен серпін береді.

«Халықаралық іс-шара барысында жинақталған тәжірибе шығармашылық ұжымның алдағы қызметін дамытуға, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуге және аға буын азаматтарының әлеуметтік белсенділігін арттыруға маңызды үлес қосады. Әжелеріміздің осындай үлкен сахналарда өнер көрсетуі – олардың таланты мен жігерінің, өмірге деген құштарлығының айқын дәлелі», – дейді ол.

Баку төрінде қазақтың ұлттық киімін ұлықтап, ел мәдениетін танытқан әжелеріміз елордаға мол әсер мен жаңа шығармашылық шабытпен оралды. Олардың бұл сапары – жас ұрпаққа өнеге, ұлттық өнерге құрмет және жас ұлғайған сайын да жаңа мақсаттарға ұмтылуға болатынын көрсеткен тағылымды оқиға. Өнердің жасы жоқ. Ал ұлттық құндылықты дәріптеген әжелердің әрбір қадамы – қазақ мәдениетінің әлемдік кеңістіктегі тағы бір жарқын көрінісі.