Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік саясаттың тиімділігін күшейтуге басымдық берді.
Кәсіподақ қозғалысының және Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі ретінде мен үшін Жолдаудағы еңбек адамының мүддесіне қатысты бастамалардың маңызы ерекше. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім – азаматтардың табысын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам.
Сонымен қатар, Жолдауда көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасы да ерекше қолдауға лайық. Бұл – мектептер мен медициналық нысандар салу, жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді таза ауызсумен және газбен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға және отандық кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін жалақыны өсірумен қатар, еңбекке лайықты ақы төлеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері де тұрақты назарда болуы тиіс деп есептеймін.
Осы тұрғыда Қазақстан Халық Кеңесі комиссиясының отырыстарының бірінде құрылыс нысандарында, әсіресе бас мердігер мен қосалқы мердігер ұйымдар қатар жұмыс істеген жағдайда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен жауапкершілікті жетілдіруге бағытталған бастамамды ұсындым.
Бұл ұсыныстың негізгі мақсаты — құрылыс саласындағы барлық қатысушылардың міндеттерін нақтылау, қауіпсіздік шараларын үйлестіруді күшейту және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға ықпал ету. Өйткені құрылыс көлемі мен қарқыны артқан сайын, еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілік те қатар күшеюі қажет. Мұндай ұсыныстар еліміздегі ауқымды құрылыс жоспарларын адам мүддесі тұрғысынан толықтыра түседі деп сенемін.
Әрбір адам таңертең жұмысқа кеткенде, кешке өз отбасына аман-есен оралуы керек. Менің пайымдауымша, қоғамдық диалогтың басты құндылығы да осында: мемлекет стратегиялық мақсаттарды айқындайды, ал қоғамдық институттар сол мақсаттардың халықтың күнделікті өмірімен ұштасуына, азаматтардың үнін жеткізуге және нақты шешімдер ұсынуға атсалысады. «Халықтық құрылыс» – ел болашағына салынған инвестиция.Ал сол болашақтың ең басты құндылығы – адам, оның еңбегі, денсаулығы мен қауіпсіздігі.
Төлеген Күнәділов,
Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы,
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі