Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Василий Тахтай биылғы жолдауда жоғары деңгейде ауқымды стратегиялық міндеттермен қатар, күнделікті өмірімізге тікелей қатысты өзекті мәселелердің де көтерілгенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz/
-Қуатты мемлекет дегеніміз – тек ірі жобалар мен биік мақсаттар ғана емес. Ол – күнделікті тіршілігіміз, адал еңбек, сапалы білім, жақсы жолдар, жауапты жүйе және адамға деген құрмет. Жол – жай ғана инфрақұрылым емес. Оның артында адам өмірі, отбасылардың қауіпсіздігі және адамның қай жерде туып-өскеніне, қайда тұратынына қарамастан, даму мүмкіндігі тұр. Мұғалімдер – біз ең қымбат қазынамызды, балаларымызды сеніп тапсыратын жандар. Біз олардың білімді, тәрбиелі, өзіне сенімді болып өскенін қалаймыз. Алайда осы жарқын болашақтың негізін қалайтын ұстаздардың өздеріне де құрмет, қолдау және лайықты еңбек жағдайлары қажет. Ал су мен электр энергиясына ұқыпты қарау мәселесіне келсек, бұрын аналарымыздың «Жарықты сөндір!», «Суды босқа ағызба!» деген сөздерін жиі еститінбіз. Қазір сол қарапайым ескертулер ұмытылып бара жатқандай. Табиғи ресурстар шексіз, ал бізге олардың сарқылмайтын қоры берілгендей әсер қалдырады, - дейді В. Тахтай.
Ол бір-бірімізге және айналамыздағы қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау – үлкен жетістіктің маңызды құпияларының бірі екенін жеткізді.
-Мемлекеттің осындай мәселелерге назар аударуы аса маңызды. Стратегиялық мақсаттар мен ауқымды жоспарлардың арасында адам назардан тыс қалмауы керек. Мәселелер жылдар бойы шешімін таппай қала бермей, нақты шешімдер қабылданып, олардың орындалуына жауапкершілік жүктелуі қажет. Әрине, ең бастысы – қабылданған шешімдердің іс жүзінде жүзеге асуы. Бір күні біз тек «бұл туралы айтылды» деп қана қоймай, «бұл шынымен өзгерді» деп айта алсақ деймін. Қазақстанның балаларды өсіріп, тәрбиелеуге, болашақ құруға және осында тұрақтап қалуға ынталандыратын елге айналғанын шын жүректен қалаймын. Өмір сапасы тек адамның қай жерде тұратынына байланысты болмайтын, әрбір азамат өзін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінетін ел болсақ деймін. Қазақстан – көрікті де кең-байтақ, мүмкіндігі мол мемлекет. Ал жетілдіру мен дамудың шегі жоқ!- дейді спикер.