Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған маңызды міндеттерді белгіледі.
Менің ойымша, Жолдаудың негізгі ерекшелігі – елдің болашағын нақты істермен, жүйелі реформалармен және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдермен байланыстыруында. Әсіресе, Мемлекет басшысының келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл – еліміздің барлық өңірін қамтып, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды қадам.
Президент атап өткендей, халықтың тұрмыс сапасы ең алдымен күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымның қолжетімділігімен өлшенеді. Жолдар мен көлік қатынасы, заманауи мектептер мен ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар, шығармашылық және ғылыми орталықтар – мұның барлығы азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан құрылыс жұмыстарының барлық өңірді, оның ішінде ауылдар мен шағын елді мекендерді қамтуы маңызды.
Бұл бастаманың жастар үшін де мәні зор. Өйткені жастардың болашағы сапалы білім алу, кәсіби дамуға мүмкіндік табу, спортпен және шығармашылықпен айналысу, заманауи ортада өмір сүру мүмкіндіктерімен тығыз байланысты. Әрбір жас азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан, өз қабілетін дамытуға және әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндігі болуы керек.
Сонымен қатар ауқымды құрылыс жұмыстары жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және жастардың еңбек нарығына кеңінен араласуына жол ашады. Құрылыс, инженерия, сәулет, цифрлық технологиялар және басқа да салаларда білікті мамандарға сұраныс артуы мүмкін. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін жастардың кәсіби даярлығына, техникалық және цифрлық дағдыларын дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту. Бүгінде технологиялық өзгерістер еңбек нарығын да, экономиканың құрылымын да жаңартып келеді. Сондықтан жастар тек жаңа технологияларды пайдаланушы емес, оларды меңгеріп, жаңа идеялар мен отандық өнімдерді қалыптастыратын белсенді күшке айналуы тиіс. Білімге инвестиция салу, жаңа дағдыларды игеру және өзгерістерге бейімделу – жас ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлар.
Өзімнің жастармен жұмыс істеу тәжірибемнен байқағаным, жас азаматтарға нақты мүмкіндік берілген кезде олар қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға, жауапкершілік алуға және ел дамуына үлес қосуға дайын. Сондықтан жастар саясатының басты мақсаты – жастардың әлеуетін ашып қана қоймай, олардың білімін, белсенділігін және бастамашылдығын ел игілігіне бағыттау.
Жастар да өз кезегінде заман талабына сай білім алып, адал еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсенді араласуы қажет. Мемлекет қалыптастыратын мүмкіндіктер мен жас ұрпақтың жауапкершілігі өзара ұштасқанда ғана тұрақты нәтиже болады.
Жалпы, бұл Жолдаудың негізгі мәні – болашақ ұрпаққа тек экономикалық көрсеткіштері жоғары елді емес, өмір сүруге қолайлы, инфрақұрылымы дамыған, білім мен ғылымға негізделген, мүмкіндіктері тең Қазақстанды қалдыру. Ал осындай елді қалыптастыруда жастар тек болашақтың иесі емес, бүгінгі өзгерістердің де белсенді қатысушысы болуы тиіс.
Ақерке Искандерова,
Құрылтай депутаты