Күнделікті қажеттіліктер елдің үлкен даму жоспарымен сабақтасты

Күнделікті қажеттіліктер елдің үлкен даму жоспарымен сабақтасты
фото: жеке мұрағатынан

Жалақының өсуі, баланың сапалы білім алуы, дәрігерге дер кезінде қаралу, өз кәсібін бастау — әр отбасы үшін маңызды мәселелер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында осы күнделікті қажеттіліктер елдің үлкен даму жоспарымен сабақтасты. Халықтың тұрмысын жақсартуға, еңбек адамына жағдай жасауға арналған бастамалар қолдауға лайық. Олардың құндылығы азаматқа пайдасы тиетін нақты істерді көздеуінде.

Инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қаражатқа салынатын жолдар, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілер өңірлердің тіршілігін жандандыра алады. Жол жақсарса, ауылдағы өнім нарыққа жылдам жетеді. Жаңа өндіріс ашылса, жергілікті тұрғынға жұмыс табылады. Құрылысқа қажетті материалдар өз елімізде шығарылса, оның игілігін отандық кәсіпорындар да көреді. Ауқымды бастаманың экономикалық мәні осындай өзара байланыста жатыр. Осының бәріне сенімді энергия көзі қажет. Сондықтан 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу міндеті өндіріс пен технологияның дамуына берік негіз қалайды. Жаңа қуат көздері зауыттардың, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, цифрлық қызметтердің кеңеюіне жол ашады. Энергетиканы жаңарту — елдің алдағы мүмкіндігін арттыруға салынған инвестиция.

Кәсіпкерге өз ісін бірнеше жылға жоспарлай алу маңызды. Осы тұрғыдан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау жөніндегі ұсыныстың мәні зор. Мемлекеттік сатып алуға шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту де кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс алуға көмектеседі. Тапсырысы бар кәсіпкер құрал-жабдығын жаңартуға, қызметкер алуға, өндірісін ұлғайтуға батылырақ қадам жасайды.

Ауылдағы еңбекке де осындай мүмкіндік керек. «Бәйтерек» әзірлеген құны 500 миллиард теңгеден асатын тағам өнеркәсібі жобалары өнімді ел ішінде өңдеуге арналған. Шаруаның өсірген өнімі өңделіп, дайын тауар ретінде сатылғанда ауылдағы еңбектің қайтарымы артады. Су үнемдеу тәсілдері, жаңа техника мен сақтау орындары осы жұмысты толықтыра түседі.

Ал 2027 жылы ауыл өндірушілерінің өнімін өткізуге көмектесетін цифрлық пилоттық жобалардың басталуы олардың нарығын кеңейте алады. Ауылда отырып-ақ жаңа сатып алушы табу, тапсырыс қабылдау, жеткізуді ұйымдастыру — технологияның күнделікті өмірдегі пайдасы. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды меңгеру жастарға жаңа кәсіптерге жол ашып, білім мен ғылымға деген сұранысты күшейтеді.

Жолдаудың әлеуметтік салмағын ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеру тапсырмасы айқын көрсетеді. Бұл — еңбек табысы төмен азаматтарды қолдайтын нақты қадам. Отбасының қаржылық мүмкіндігі кеңейсе, баланың біліміне, денсаулығына, күнделікті қажетіне жұмсайтын қаражаты да көбейеді.

Сегіз перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарының маңызы да әр отбасыға түсінікті. Ана мен балаға сапалы медициналық көмектің жақындай түсуі — үлкен игілік. Инклюзивті білім беруді дамыту, мұғалімнің артық есептілігін азайту жөніндегі міндеттер де баланың жан-жақты өсуіне жағдай жасайды. Ұстаздың шәкіртіне көбірек көңіл бөлуі, дәрігердің науқасына уақыт арнауы қызмет сапасынан көрінеді.

Осы бастамаларды жүзеге асыратын мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. 2027 жылғы 1 маусымға дейін кешенді реформа жоспарын әзірлеу тапсырмасы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, шешім қабылдауды жеделдетуге бағытталған. Оның азаматқа берер пайдасы — мәселесінің уақтылы шешілуі, қажетті қызметтің қолжетімді болуы. Жолдауда ұсынылған шаралар адамның еңбегін, білімін және бастамасын ел дамуының негізі ретінде қарастырады. Бір өңірде жаңа өндіріс, екіншісінде аурухана, ауылда өңдеу кәсіпорны ашылған сайын ортақ жоспардың нәтижесі халық өмірінен көріне бастайды. Елдің ертеңіне деген сенім осындай істер арқылы нығаяды.

Азамат Орынбасаров,

Астана қаласы мәслихатының 7-8 шақырылым депутаты,

Qamqor Qurylys Holding бас директоры