Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдағы даму бағыттары айқындалып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты міндеттер белгіленді. Президент еліміздің бірнеше өңірінде әуежай құрылысының қатар жүргізіліп жатқанын бұрын-соңды болмаған жағдай ретінде атап өтті. Ал мұндай жобалар көлік қатынасын кеңейтіп, өңірлердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады. Әуе қатынасының дамуы кәсіпкерлік пен туризмге серпін беріп, инвестиция тартуға да ықпал етеді. Өңірлер арасындағы байланыс жақсарған сайын жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бизнестің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік көбейеді.
Мемлекет басшысының келесі жылды құрылыс жылы деп жариялап, «Халықтық құрылыс» бастамасын ұсынуы да осы міндеттермен сабақтас. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандарын салу, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Сонымен қатар, Жолдауда шағын және микробизнесті қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін Үкіметпен бірлесіп талқылауды ұсынды. Бұл бастаманың түпкілікті шарттары белгіленген кезде кәсіпкерлердің мүддесі мен мемлекеттік бақылаудың қажеттілігі қатар ескерілуі керек. Бұрынғы мораторий тәжірибесін талдау да осы үшін маңызды.
Әрине, шағын кәсіпорын үшін тұрақты әрі түсінікті талаптардың болуы маңызды. Кәсіпкер қандай ережелерді сақтауы керектігін анық біліп, уақытын артық әкімшілік рәсімдерге емес, өндірісін дамытуға, қызмет сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсай алуы қажет деп есептеймін. Кәсіпкерлікке жағдай жасау мен заң алдындағы жауапкершілік қатар жүргенде ғана бизнестің дамуына берік негіз қалыптасары анық.
Халықтың әл-ауқаты туралы сөз болғанда, әлеуметтік саясаттың мазмұнына да назар аудару қажет. Президент мемлекеттік көмектің шын мұқтаж адамдарға берілуі керектігін айтып, бұл мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен шешу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының әлеуметтік мемлекет туралы пікірі де осы ұстаныммен үндеседі. Әлеуметтік саясаттың мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру болуы керек. Адамның тұрақты жұмысы мен лайықты табысы болса, ол отбасын қамтамасыз етіп, балаларының біліміне, денсаулығына және болашағына көбірек мүмкіндік жасай алады. Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.
Осы тұрғыдан алғанда, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсырманың маңызы зор. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді. Еңбекақының өсуі күнделікті шығындарын жоспарлап отырған отбасыларға қолдау болмақ. Сонымен қатар халық табысының артуы тауарлар мен қызметтерге деген сұранысқа ықпал етіп, ішкі нарықтың жандануына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. Жолдауда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғырту, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту және осы бағытты қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыру мәселелері көтерілді. Президент учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді де тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Алғашқы медициналық көмек тұрғындардың денсаулығын сақтауда ерекше орын алады. Аурудың алдын алу, науқасты дер кезінде анықтау және қажетті емді уақытында бастау көп жағдайда осы қызметтің сапасына байланысты. Сондықтан медицина мамандарының еңбегін бағалау, олардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жолдаудағы экономикалық және әлеуметтік міндеттер қоғамдағы жауапкершілік мәселесімен де ұштасады. Мемлекет басшысы еліміздің орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика қалыптасып, «Адал азамат» идеологиясы күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы қажеттігін айтты.
«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды», – деді Президент.
Отанға деген сүйіспеншілік күнделікті ісімізден көрінеді. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өз міндетін адал атқару және ел игілігіне үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Қоғамдағы тәртіп пен сенім де осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзгелердің құқығын құрметтесе, ортақ мүддеге қызмет ететін құндылықтар өмірде орныға түседі.
«Адал азамат» қағидаты да осындай нақты әрекеттер арқылы орнығады. Отбасында алған тәрбие, мектепте қалыптасқан көзқарас, еңбек ұжымындағы қарым-қатынас пен қоғамдық орта адамның жауапкершілігіне әсер етеді. Сондықтан адал еңбек пен заңға құрметті қоғамның ортақ нормасына айналдыру әр адамның өзінен басталады.
Мемлекет басшысының «Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін» деген сөзі ел дамуының негізгі бағдарын айқындайды. Экономикалық өсім, жаңа инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік көмектің тиімділігі түптеп келгенде азаматтардың өмірінде сезілуі керек. Адам сапалы білім алып, қажетті медициналық көмекке қол жеткізіп, адал еңбегімен табысын арттыруға мүмкіндік алғанда, мемлекеттік саясаттың нәтижесі де айқын көрінеді.
Мемлекет басшысы айқындаған бағыттарды жүйелі жүзеге асырып, ел мүддесі жолындағы бастамаларды бірізді жалғастыра білсек, Қазақстанның даму қарқыны артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсара түсетініне сенім мол. Экономикасы қуатты, әлеуметтік мүмкіндіктері кең, заң мен тәртіп орныққан, бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын болмақ. Бастысы, қолға алынған әрбір істің игілігін халық сезініп, әр азамат ертеңгі күнге сеніммен қарай алуы керек. Бұл – Әділетті әрі Өркениетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы ортақ мақсатымыз.
Акбаржон Исмаилов,
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі