Жасанды интеллект пен құрылыс: жас буынның жаңа мүмкіндігі

Жасанды интеллект пен құрылыс: жас буынның жаңа мүмкіндігі
фото: жеке мұрағатынан

Бағыт айқын, жол жүйелі. Өткен жылғы Жолдауда Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған еді. Биылғы Жолдауда да сол бағыт жалғасты, Мемлекет басшысы Қазақстан цифрлық экономиканы құруға міндетті екенін айтты. Нарық айқын бағдарды жақсы көреді, ал бұл жастар үшін өте маңызды.

Бүгінгі Жолдауда айтылған технологиялық даму мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселелері жастар үшін ерекше маңызды. Қазіргі жас ұрпақ цифрлық технологияларды тек пайдаланушы ретінде ғана емес, жаңа идеялар мен отандық жобаларды жүзеге асыратын маман ретінде меңгеруі қажет. Жастардың IT, ғылым, инновация және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуетін дамыту Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жолдаудың маңызды бастамасы осы болды.

Президент 2027 жылды жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, әр облыс орталығында, аудандарда және шағын елді мекендерде азаматтық инфрақұрылымды салу мен жөндеу басталуға тиіс. Жолдауда жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау нысандары, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары салу міндеті аталды. Сонымен қатар барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми хабтар пайда болуға тиіс. Тұрғын үй құрылысы да маңызды басымдық болып қала береді. Президент бұл бастамалардың бәрі ел игілігі үшін, ең алдымен жас ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті.

Бұл бастама жастарға не береді? Менің ойымша, мына мүмкіндіктер бар: жұмыс орындары. Құрылыс өте көп мамандық қажет етеді: инженер, сәулетші, жобалаушы, прораб, электрик, жөндеуші, техника жүргізушісі, логист. Жұмыс аймақтарда ашылса, жас маман үлкен қалаға кетпей-ақ үйінде жұмыс таба алады. Спорт пен білімге қолжетімділік. Спорт кешендері, кітапханалар, шығармашылық үйлері мен ғылыми хабтар ауылдағы бала мен қаладағы баланың арасындағы айырмашылықты азайтады. Талантты жасқа дарынын ашуға мүмкіндік туады. Тұрғын үй. Үй мәселесі жас отбасылар үшін ең өзекті. Құрылыстың жалғасуы осы мәселені шешуге үміт береді.

Жас кәсіпкерлерге жол. Құрылыс материалдарын өндіру, интерьер дизайны, 3D-жобалау, «ақылды үй» жүйелері, құрылысты басқаратын цифрлық бағдарламалар жас бизнесмендер үшін жаңа бағыт. Жасанды интеллектті жобалауда, сметаны есептеуде және құрылысты бақылауда қолдануға болады, сондықтан технология мен құрылыс бір-біріне қарсы емес, бірін-бірі толықтырады.
Жолдауда айтылған шешімдер іс жүзіне тез жетсе дейміз. Біз бұған мемлекетпен бірге үлес қосуға дайынбыз. Жаңа тарихи кезеңді біздің ұрпақ жасайды.

Асылбек Абдурашитов, 

Қазақстан Жастары Конвенті ұйымының жетекшісі