Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "Өмірің өз қолында" спектаклінің премьерасын өткізді. Перфоманс жанрындағы қойылымның авторы - Эльдар Тоқтасын, қоюшы режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Заң мен тәртіп" қағидаты бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер тілі арқылы жеткізу жолында бұл біздің театрымыздың үшінші қойылымы. Соның бірі, жалпы адамзатқа ортақ мәселе - нашақорлық. Осы мәселені қозғайтын үшінші спектакліміз - "Өмірің өз қолыңда". Алғашқысы - Мәдина Омарованың "SOS" қойылымы, екіншісі - Қолғанат Мұраттың "Екі ғұмыр" спектаклі. "Өмірің өз қолында" спектаклінің лейтмотиві Қадыр Мырза-Әлінің өлеңіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің қойылыммен аттас атақты әні. Осы спектакльде айтылар идея - осындай тәуелділік құрсауынан шыға алмай жатқан адамды махаббатпен, мейіріммен алып шығуға болатынын көрсетеді" деді қоюшы режиссер Асхат Маемиров.

Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов аталмыш спектакль нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы бағытталған "Астана - есірткісіз қала" бағдарламасы және "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұсынылғанын атап өтті. Есірткінің зияны туралы сөз сөйледі.

Қойылым желісін айтсақ, жеті жыл бұрын үйінен кетіп, хабарсыз жоғалған Мұратты туған інісі Ералы ақыры тауып алады. Есірткіге тәуелділіктің шырмауында қалған ағасын аман алып қалу үшін Ералы оны емдеу орталығына әкеледі. Сол жерде Мұрат бір кездері сүйген қызы Жамалмен қайта кездеседі. Өткен күндердің елесі, жақындарының сағынышы мен Жамалға деген сезімі Мұратты өміріне жаңаша қарауға жетелейді.

Бұл қойылым — адасқан адамның өз жолын қайта табуы, туған бауырдың жанашырлығы мен махаббаттың адамға берер күші туралы шығарма.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ