Астанада есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары мектеп оқушыларымен, жастармен және еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесіп, есірткі заттарын тұтыну мен таратудың қауіптері және оның салдары туралы түсіндіруде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кезекті профилактикалық кездесу қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері мен Астана қаласының Құрылыс басқармасының бірлесуімен «Асти» ЖШС құрылыс нысанында өтті.
Қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кәсіпорын жұмысшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың заңдық салдары, тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау және өткізу үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге тартылудың қауіптілігі айтылды.
Мамандар мұндай қауіптер туралы хабардар болу тек жеке қауіпсіздік үшін ғана емес, отбасының амандығы үшін де маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерінің ата-ана екенін ескере отырып, ықтимал қауіптердің салдарын түсіну балалар мен жақындарын заңсыз әрекеттерден сақтандыруға және осындай жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретіні айтылды.