Жалақы ма, жайлы орта ма?

Жалақы ма, жайлы орта ма?

Қазақ жасы жұмыс таңдағанда нені қалайды?

Жалақысы жоғары, бірақ жұмыс атмосферасы ауыр орын ба, әлде жалақысы төмендеу, бірақ өзіңді жайлы сезінетін жұмыс па, бүгінгі қазақ жастары қайсысын таңдайды?

Жұмыс іздегенде ең алдымен неге қарайсыз? Көпшілігі бұл сұраққа ойланбастан «жалақысына» деп жауап беруі мүмкін. Өйткені ай сайынғы табыс адамның күнделікті қажеттілігін өтеумен қатар, өз жоспарын жүзеге асыруына да әсер етеді. Алайда жұмысқа орналасу тек айлық көлемімен шектелмейді. Кей адам үшін таңертең жұмысқа қуана бару, әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болу, басшысымен еркін сөйлесу және өзіне қолайлы ортада еңбек ету маңызды. Әсіресе еңбек жолын енді бастап келе жатқан жастар үшін бұл мәселе өзекті. Бір жұмыс орнында жалақы жоғары болғанымен, жұмыс уақыты қолайсыз немесе ұжымдағы қарым-қатынас көңілден шықпауы мүмкін. Ал екінші жерде жалақы төменірек болғанымен, кәсіби дамуға, тәжірибе жинауға және өзіңді еркін сезінуге мүмкіндік бар. Сонда жас маман үшін қайсысы маңыздырақ: жоғары жалақы ма, әлде жайлы жұмыс ортасы ма? Бұл сұраққа әркімнің жауабы әртүрлі. Бірі еңбегінің қаржылай бағаланғанын қаласа, енді бірі өзіне ұнайтын жұмысты таңдауға тырысады. Кейбір жастар үшін мансаптық өсу маңызды болса, басқалары жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті бірінші орынға қояды.

2025 жылы жүргізілген The Talentist зерттеуіне Қазақстанның барлық өңірінен 1703 адам қатысқан. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 16-24 жастағы жастардың 71 пайызы жұмыс таңдағанда жақсы жалақыны маңызды фактор ретінде атаған. Ал 55 пайызы үшін жұмыс орнындағы жағымды атмосфера маңызды болған. Сонымен қатар жастардың 43 пайызы заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндігіне, 41 пайызы оқу мен тренингтерден өтуге мүмкіндік беретін жұмыс орнына мән берген. Бұл көрсеткіштер жас мамандардың жұмыс таңдауда тек жалақыға емес, жұмыс ортасы мен кәсіби дамуға да назар аударатынын көрсетеді.

– Мен үшін жұмыс таңдағанда жалақыдан бұрын ұжымдағы қарым-қатынас маңызды. Себебі күннің көп бөлігін жұмыста өткізесің. Сондықтан өзіңді еркін сезінетін, әріптестеріңмен ашық сөйлесе алатын орта болғаны дұрыс деп ойлаймын. Жалақы, әрине, маңызды. Бірақ айлығы жақсы болғанымен, күн сайын барғың келмейтін жерде ұзақ жұмыс істеу қиын. Ал жақсы ортада адам өз жұмысын да жақсы көреді, жаңа нәрсе үйренуге де ынтасы болады. Жас маман ретінде мен үшін тәжірибе жинап, өзімді дамытуға мүмкіндік беретін орта бірінші орында, – дейді жас маман Айзере Маратқызы.

Бүгінде жастардың жұмысқа деген талабы өзгеріп келе жатқанын байқауға болады. Бұрын «тұрақты жұмыс болса болды» деген түсінік басым болса, қазір жас мамандар жұмыс берушіден өзіне деген құрметті, қолайлы ортаны және кәсіби дамуға мүмкіндік күтеді.

Ендеше, бүгінгі қазақ жасы жақсы жұмыс таңдағанда шын мәнінде нені іздейді? Бүгінде жастар үшін жұмыс тек күнкөріс көзі емес, өз қабілетін байқап, тәжірибе жинап, болашаққа жол ашатын ортаға айналып келеді. Олар өз пікірінің ескерілгенін, еңбегінің бағаланғанын және бір орында тұрып қалмай, жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік болғанын қалайды. Әсіресе еңбек жолын енді бастаған жас үшін алғашқы жұмыс орны оның кейінгі кәсіби бағытына да әсер етуі мүмкін.

Жұмыс тек жалақы алатын орын емес. Адамның көңіл күйі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, өз еңбегінің бағалануы да оның жұмысқа деген көзқарасына әсер етеді. Сондықтан бүгінгі жас маман үшін жақсы жұмыс қалтаны ғана емес, көңілді де толтыратын, еңбегінің мәнін сезіндіретін орта болса керек.

Қымбат СӘБИТҚЫЗЫ