Ар-ұят, иман адамзатты сақтап тұр

Ар-ұят, иман адамзатты сақтап тұр
фото: жеке мұрағатынан

Елдегі өзекті рухани мәселелер, ұлттық мүдде, отбасы құндылықтары, адами қасиеттер, шетелге тұрмысқа шығу, жаһандану процесі төңірегінде қордаланған түйткілдер көп. Дін мен дәстүр сабақтас­тығы, елдің кемел келешегі, әлеуметтік желінің әлегі жалпы руханият кеңістігіндегі орын алып жатқан өзгерістер жайында танымал дін қайраткері, елордадағы «Рыскелді қажы» мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫМЕН сұхбат құрған едік.

– Әлеуметтік желіде діни пікір айтуға ресми түрде іріктеп қана рұқсат беретін болды. Көзқарасыңызды білдірсеңіз…

– Бұл қадамды өте дұрыс көремін, құптаймын, қолдаймын. Себебі ата салтымызды ұмытқанымыз аздай, ата дініміздің асыл діңгегін шайқап алдық. Алладан да, аруақтардан да ұят болды. Соңғы кезде қоғамымыз түрленіп кетті, тура бір құбылмалы құйтырқы заманда тұрғандаймыз. Байқасаңыз, дәстүрлі дінімізге қайшы келетін сәләфизм, уахабизммен алысып жүргенде, қарапайым қара халықтың санасы отыз жылдың ішінде отыз тарапқа шашырап кетті. Нәтижесінде, Құдайды бір деп таныған кешегі ат үстіндегі ата-бабаның бүгінгі тұяқтары атеист, тәңіршіл, тәкбірші, таблиғи жамағат және т.б. псевдодіни, мистикалық ағымдардың (йегова, «яссауи жолы», «ата жолы», «аққулар», «сұңқарлар», «Алля-аят») тұсауында жүргендері қаншама. Яғни әркім өз әлемінде өз әлегімен жүр. Мешітке жүзін бұрғандардың өзі көздеріне түскен, көңілдерінен шыққан, жүректерін жыққан ұстаздарға, жамағатқа бөлініп, діни фанатизмді құрып алды. Бұл аздай, өздерін кіршіксіз таза санап, басқаларды надан көріп, оларға тіл тигізіп, дінге кіргізіп немесе шығарып, Алланың рөлін өздеріне алып алды. Сонда бұл отыз жыл бойы айтылған уағыз – насихаттың нәтижесі ме? Десе де, Алланың ақ дінін әркім өз бетімен талқылап, тәпсірлеп, тәлкекке салуы дұрыс емес. Біз мұсылмандар үшін Алла – біреу, оның мөр басқан пайғамбары – біреу, діні – біреу! Ислам – өте әдемі, мейірімді де таза, жеңіл дін әрі бабалар ұстаған жол.

– Алдағы уақытта ғылыммен шұғылдану ойда бар ма?

– Алла өмір берсе, оған да жетерміз. Ой мен ниетте бар, бірақ бәрін уақыт көрсетеді...

– Қазір қыздар кіндігін ашып жүреді, қысқа киетіндер көбейгендей, кейбір ұлдар нәзіктеніп бара жатқан сияқты. Батыс менталитетіне еліктейміз деп, өзіміздің ұлттық құндылықты әлсіретіп алған жоқпыз ба?

– Біз кінәні өзімізден іздеп үйренейік, яғни бұл мәселенің өзегі өзімізде. Сол кіндік ашқан қыз бен майысқан ұлды тәрбиелеген кімдер, неге олардан сұрамаймыз? Батыс түгілі, басымыздағы ата салтымызды ұстанбаймыз, ата дәстүрін қолданбаймыз, ата дінімен жүрмейміз, кім кінәлі? Иә, қылығын түзде көрсететін ұрпақтың бары да, көбейгені де рас. Бірақ, олардың осындай екіжүзділікке баруына кім кінәлі? Әлбетте, «әке-шеше жаман тәрбие бермейді» деулеріңіз мүмкін. Бірақ, бірінші себебінде баланың бақылаусыз қалуы, басқадан үлгі алуы жатса, мұның екінші бір үлкен себебі бар. Мысалы, әке-шешенің «тыныш, ешкімге айтпа» деп жасырын істейтін бір ғана ісі балаға жетіп артылады. Яғни бала үшін бұл – үлкен бір ой, тұжырым, қағидат, өріс, тәжірибе. Әйтпесе, неліктен өз әке-шешесіне шағымданатын балалар менің жекеме шығады? Міне, мәселенің төркіні қайда жатыр. Одан кейін үйде, отбасыда, жанұяда, шаңырақта күйеу мен әйелдің, әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасында мәміле болмаса, тәрбие талы қалай суарылмақ, қалай өспек? Тіпті, бір-бірімен қарым-қатынастары дұрыс емес. Әсіресе, ата-ана мен баланың арасында диалог жоқ, сұхбат жоқ, сөйлесу жоқ, тілдесу жоқ. Баланың ең бірінші дара ұстазы – көз алдындағы ата-анасы. Егер әрбір ата-ана өз баласына ұлт ретінде кім екенімізді негізге ала отырып, салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, ата дінімізді, ана тілімізді, ғаламат руханиятымызды, ұлы тарихымызды жеткізбесе, одан қалды дүниенің төрт тарабын түсіндірмесе, бұған батыс кінәлі емес. Батыс өз орнында, өз бетімен дамып жатқан бір тарап. Ал біз өз кінәмізді өзгеден яғни Батыстан яки әлеуметтік желіден көргіміз келеді. Жалпы, ата-ана баланы не үшін дүниеге әкеледі? Осыған әрбір ата-ана ойлансын.

– Кейінгі кездері жастар отбасы құрудан гөрі, қыз-жігіттеріміз жалғыз жүріп, мансап қуып, шетел аралап, өз жағдайын жасауды құп көре бастағандай. Бұлай кете берсе, түбі не болмақ?

– Бұл тенденцияның түбі жалғыздыққа барып тіреледі-ау. Дегенмен, мұны өтпелі бір кезең ретінде көрейік. Өйткені дүние бүгінгідей бола бермейді, әлі талай да талай өзгерістер болады. «Туған жерге жер жетпес, туған елге ел жетпес» дегендей, кезінде ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада ел-жер асып кеткен ата-бабамыздың ұрпақтары қазір елімізге оралып жатыр. Сол сияқты түптің түбінде өздері болмаса да, ұрпақтары бәрібір елге қайтып оралады. Өйткені кіндігі осы жерге, осы елге байланған. Сол үшін елге деген махаббатты, Отанға деген патриоттық сезімді, ұлтқа деген ұлтжандылықты күшейту керек.

– Қазір баласына арабша, парсыша, жалпы шетелдік есім беретіндер көбейді. Қазақи есімдерді неге жаңғырта алмай келеміз?

– Өйткені өзімізді өзіміз менсінбейміз. Бізге бәрі өзгеше, ерекше, айрықша болуы керек. Мақтану керек, көрсету керек, шектен шығу, даңғазалық басым. Үстіміздегі киімнен-ақ білуге болады. Қазақы шапанды бір-бірімізге тойда жабамыз, кимейміз, сандыққа саламыз. Қазақы көйлекті Наурызда ғана киеміз, келесі наурызды күтеміз. Қазақы тақияны Құран оқығанда киеміз, қалған уақытта әр жерде домалап жатады. Түріміз қазақ, бірақ, сіз айтқандай атымыз араб­ша, парсыша, әйтеуір, басқаша. Түсініксіз есім қоймағанына да шүкір деймін-ау, бірақ, тіліміз де өзгеше шығып жатыр. Нағыз парадокс! Өйткені өзімізге деген махаббат жоқ, өзімізді сүймейміз, өзгені жақсы көреміз, өзгеге еліктейміз, ұлттық идеология ақсап тұр.

– Жағымпаздық, өтірік күлу, күн үшін өмір сүру көбейіп бара жатқандай. Қазақ халқы «Арым – жанымның садағасы» деуші еді ғой…

– Иә, адам тірідей өледі, ұяттан айырылған сағатта! – деп Жұбан Молдағали ағамыз ар мен ұяттың таласын, жас пен кәрінің айтысын, ішкі-сыртқы әлемнің тартысын, түсінбеу­шілік пен тәжірибенің арасын, қазақ руханиятының өлшемін осылай тұжырымдаған. Бұл екеуін күніге, әр сәт, әр кез отбасымнан, көрші-көлемнен, айналамдағы ағайын-туыстан, көшедегі адамдардан, жұмыстағы әріптестерден, тамыр-таныс, жолдас-жоралардан, танымайтын жандардан, не керек, көзіме түскен жандардың жүзінен, сөзінен, амалынан, ісінен іздеймін. Бір кісінің «ақ шапан сәлде кигендердің бәрін әулие деп жүрсем, ислам шапанның ішіндегі адамда екен» деген сөзі мен үшін ғибратқа айналды, яғни шапаным мен сәлдем – менің арым мен ұятым, иманым. Арасында пендешілігіміз болып тұрады. Дегенмен, адамды көп жамандықтан сақтап қалатын дүние – ары, ұяты, иманы. Осы үшеуіне бекем болған адам өмірде сүрінбей өтеді. Әйтпесе, Шәкәрім бабамыз «Ар» ілімін жазбас еді. «Ар – ең үлкен дін. Ұятсыз иман – бос ұран. Адамды адам ететін жүрек пен ақылдың тепе-теңдігі. Арсыз имандылық – екіжүзділік» дегенді Асанәлі ағамыз айтпас еді. Халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп нақылдамас еді. Сондықтан, біз үшін Ар – адамгершіліктің жоғары өлшемі, ұят, намыс, адалдық, тазалық, әділдік, мәдениет, ұлы иманнан кейін тұратын жауапкершілік. Байқасаңыздар, намаз арсыздықтан тыяды дейміз. Осы сөздің түбіне жетсек, ар – жүректің заңы мен соты екенін түсінеміз. Құдайдың алдында кім екенімізді де осы арымыз бірінші ұстап береді, осыны естен шығармайық. Ар мен ұят кеткен жерде бәрі кетеді, оған күмән болмасын, иманға жетпейді. Ұлтымызда «ұяты жоқтың, аяты да жоқ» дейді...

– Шетелдікке тұрмысқа шығып жатқан қазақтың қыз­дарын көргенде және «кім қайда тисе де өзі біледі» дегендей пікірлерді естігенде қандай күйде боласыз?

– ...Ойланам, бірақ, таңдауға талдау жүре ме? Кейде қызының бұл қадамын ата-ананың өзі де қалап, дұрыс көріп тұрады. Бәлкім, «таңдауына таң қалсын» деген ішкі мақтаныштары болар. Дегенмен, өрімдей қыздарымыз шетелге мойын созып, ұлты мен дініне қарамастан, көз жұмып тұрмысқа шығуды сән көріп, трендке айналғандай. Әрі әлеуметтік желіде барған жері мен елін, адамдарын, тұрмыс салтына дейін салыстырып, айырмасын аузының суы құрғағанша айтады. «Күйеуім тамақты өзі жасайды, мен түске дейін ұйықтаймын» немесе «енем келіндік қызметті талап етпейді, қызындай көреді» деп, өзге қыз-келіншектердің қыжылын қайнататыны тағы бар. Мұны өреміздің өскені дейін бе, әлде ақымақтық дейін бе, білмеймін. Бірақ, бүгінгі қыздарымыз мұны жетістік ретінде көруде. Алайда барған жерінің базарына барса да, біздегі көктей көңілімізді, жердей жайдарлығымызды, даладай жүрегімізді яғни нағыз қазақылықты таба алмайды. Дегенмен, бұл мәселенің түбінде қорқынышты жайттар да бар. Жеңілінен бастасам, қазақтың ер-азаматтарына деген күмән мен күдік көбейді, сенімнен қалып барады. Мысалы, күйеу­ге шығып жатқан қыз табалдырықтан кейінгі әулетін ешқашан «бақытсыз етемін» деп бармайды. Керісінше, сол елге сіңіп, қатарына қосылып кетуді ойлайды. Сол үшін көп келіндер күйеуіне қарайды, күйеуі шешесіне қарайды. Өзінің де анасы бар, түсінеді, бірақ, кейбір енелердің қабағы қара бұлттан да жаман, оған ешбір ісін өткізе алмайды. Ақырында не істейді, арудай болып барған қызымыз аждаһадай болып шығады. Бұл аздай, соңғы кезде келіндер тарапынан арсыз қылық жасайтын аталарға да шағым жиіленді. Мұндай тұрмыс кімге ұнайды? Үлкендер үлкендігін көрсетпесе, жастарға не кінә тағамыз? Соңғы отыз жылда болған тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда ішінара айтылмай келді. Алайда арамыздан осындай жауыздықтар шығады деп ойладық па? Мысалы, бала-шағасының көзінше балталанса, аттың құйрығына байланып сүйретілсе, жиырма төрт сағат ұрып-соғылса, әке-шешесі, бауырлары қойша қырылса, күйеудің ішетіні арақ, жүретіні жүріс, жұмыссыз шалқасынан жатса, жанұясын асырамаса, бергенін міндет қылса, айтатыны балағат болса, қазақ әйелі баласын алып жоғарғы қабаттан секірмегенде қайтеді? Қыздарымыз кімге сенуі керек? Бұл – дер кезінде қолға алынбай, әбден іріңдеген кесел.

– Қоғамда «әйел теңдігі», «бала құқығы» деген қағидаттар күшейе түсті. Ер адамның рөлі төмендеп кеткен жоқ па?

– Иә, сәл де болсын ер адамның рөлі төмендеді. Бірақ, бұл қағидаттың күшеюіне кінәлі жандар ойлануы тиіс!

– Инстаграм, тикток, фейсбук, ютуб сияқты ғаламтор желілерінде мотиватор, коуч, психолог блок ашып тұрмысқа шықпаған қыз отбасы туралы ақыл айтады, бизнесі жоқтар қаржылық сауаттылыққа үйретіп жұрттың жүйкесін тоздырып, қоғамды аздырып әлек. Бұдан қалай арыламыз?

– Күні кеше әлеуметтік желіде діни уағыз – насихат жүргізуге ресми түрде үш имамға рұқсат берілді, соның бірі мен. Сол сияқты, оларға да іріктеу жүргізілуі керек. Өйткені қоғамға көпшілікке айтылатын мәселе бар, айтылмайтын мәселе бар. Біраз шектеулер қойылу керек деп ойлаймын. Және осы жерде бір айтарым, әркім өз ісімен айналысқаны жөн. Сіз айтқан психолог, коуч және тағы басқалары ақпарат сатып алып, жұртқа сатушылар, тындыратын тірліктері осы. Былайша айтқанда, тәжірибеден өтпеген шетелдің қаңсығын бізге тықпалаудың қажеті жоқ.

– Алпауыт мегаполистерде ата-аналар баласымен орысша сөйлесуге ынтық. Әйтеуір шет тілінде оқытуға, шетелше тәрбиелеуге бейім. Неліктен деп ойлайсыз?

– Бір кісі «мына қала мені бақытсыз етті» дегенде, таң қалғаным бар еді. Расымен, адамның бағы қай жерге байланғанын білу қиын. Дегенмен, «ақымақтың ақылы ауласынан аспайды» демекші, бәріміз ауылда туып өстік. Сол кездері бәрімізге Алматы арман қала болды. Тек, армандағы қалаға жеткен адам, не кері қайтады, не әрі қарай ұшуды ойлайды. Сол сияқты, мұны үлкен қаланың адамға беретін бір серпіні деп ойлаймын. Мысалы, үлкен қалада туылып, мегаполисті игерген адамға көрші елдер тұрмақ, мұхиттың арғы жағы таңсық болады. Сол жаққа мойнын созады, баруға талпынады, тілін үйренеді дегендей. Бұл – адамның ойша өсуі, санамен дамуы. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, адамның бағы қай жерге байланғанын ойы шешеді, қадамы жеткізеді, нәтижесін өмір көрсетеді. Дегенмен, кез келген мәселе айналып өзімізге келіп тіреледі. Қадыр Мырзаәлі ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегеніне артық айтылатын сөз бар ма? Дегенмен, заман қазіргі ұлттық тәрбиеден нәр алып, білім мен ғылым, тіл өнеріне байланған кез. Әрі оны игеру талапты жастарға даңғыл жол ашатын шақ.

– Көп рақмет!

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ