Жеті тағдыр, жеті сыр

Жеті тағдыр, жеті сыр

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында «Ана жолы» атты спектакль-перформанстың премьерасы өтті. Режиссер Іңкәр Каримованың бұл қойылымы ана мен қыздың арасындағы байланысты, әйел тағдырын, отбасылық естеліктер мен қоғамның әйелге қоятын талаптарын қозғайды.

«Ана жолы» – деректі театр мен заманауи сахна тілін ұш­тастырған пластикалық-музыкалық спектакль. Қойылымның ерекшелігі – сахнада жеті жас актрисаның өз аналарының өмір жолын, бастан өткерген қиындықтары мен айтылмай қалған сырларын баяндауы. Жеке отбасылардың тарихынан басталған әңгіме бірте-бірте қоғамдағы әйелдің орны мен ұрпақтар арасындағы түсіністік мәселесіне ұласады. Актрисалар аналарының естеліктерін жеткізіп қана қоймай, олардың өмірлік таңдауларына өз көзқарастарын білдіреді. Осы арқылы көрерменге «Біз аналарымыздың орнында болсақ, қандай өмір сүрер едік?» деген сауал тастайды.

Қойылымның идеясы режиссер Іңкәр Каримованың өз ата-тегін зерттеуінен бас­талған. Өйткені отандық басылымдарға берген сұхбаттарында режиссер шежіреде ер адамдардың есімдері жиі аталып, әйелдердің өмірі мен тарихы көбіне назардан тыс қалатыны туралы ой қозғаған. Осы ізденіс «Ана жолының» негізгі тақырыбына айналған.

«Әйел тарихы тек отбасы шеңберінде ғана бағаланса, оның қоғам өміріндегі орны да көмескіленуі мүмкін. Ал әр ананың артында өз арманы, таңдауы, қуанышы мен өкініші бар жеке тағдыр жатыр» дейді режиссер.

Қойылым әйелдің қоғам алдындағы міндеттері мен жеке қалауының арақатынасын сөз етіп, сол арқылы қоғамның одан жақсы қыз, қамқор ана, адал жар болуды күтетінін, бірақ осындай талаптардың арасында әйелдің өз арманы мен қажеттіліктеріне қаншалықты орын қалатыны әрдайым ескеріле бермейтінін еске салады.

Бұдан бөлек, спектакльде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де назар аударылады. Жалпы қойылымда деректі мәтіндер, музыка, пластикалық қимыл мен манифест өзара үйлесім тапқан. Актрисалардың монологтары отбасылық естеліктерді жеткізсе, музыка мен қимыл кейіпкерлердің ішкі сезімдерін ашуға көмектеседі. Көрерменмен тікелей байланыс орнату арқылы сахна мен зал арасындағы шартты шекара да әлсірейді. Мұндай тәсіл көрер­менді сырттай бақылаушы күйінде қалдырмай, айтылған оқиғаларды өз өмірімен салыс­тыруға жетелейді. Сахнада жеті отбасының тарихы баяндалғанымен, олардың арасынан әр адам өзіне таныс жағдайды, анасына қатысты естелікті немесе кезінде айтылмай қалған сөзді табуы мүмкін.

Қойылымның қоюшы режиссері әрі суретшісі – Іңкәр Каримова. Қоюшы хореографы – Камила Бузанова, музыкалық көркемдеушісі – Осман Абайділдә, жарық суретшісі – Асылбек Оспанов. Режиссердің ассистенті – Айза Абельбасова, редакторлары – Нұрлыгүл Ғалымжанқызы мен Айза Абельбасова, декораторы Мақсат Сүйінғали сияқты шығармашылық ұжымның бізге ұсынбақ ойы да – әр әйелдің өзіне ғана тән өмір жолы бар. Ана болу оның тағдырының бір бөлігі болғанымен, жеке тұлға ретіндегі болмысын толық сипаттамайды дегенді айтып тұрғандай. Қойылым осыны еске салу арқылы ана мен қыз арасындағы түсіністікке, әйелге деген құрметке және отбасылық тарихты бағалауға үндейді.