Айналаңа бір қарасаң, көп өзгеріс болып жатқан сияқты. Бір министр ауысса, осы ел түгел өзгеретіндей, дәл сол күні сала түлеп, жақсарып кететіндей абыр-сабыр күй кешетініміз бар. Бірақ кейде өзгерер деп сенген дүниелеріміз сол көңіл күйдің шеңберінде ғана толқындап, кейін басылып қалады.
Айналаңызда болатын абыр-сабыр, қозғалыс, шешім, түрлі шаралар түрлі ойға жетелейді... Мәселен, жер-жерде халықты жұмысқа орналастыру бойынша жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Бұл шынында да жақсы дүние ғой. Ашықтық па – ашықтық. Кейде құқықтық мәселелер бойынша жауап алу үшін әртүрлі органдардың қызметкерлерін жинап, ашық есік күндерін өткізіп жатады. Бұл тіптен құптарлық емес пе? «Еститін үкімет» дегеннің нақты көрінісі міне, осы.
Бұл – жақсы.
Бірақ сол іс-шаралардан кейін цифрлар ойнаған ақпараттар легі қаптайды. Бәрі тамаша. Алайда шын мәнінде сонша адамның мәселесі сол жерде бірден шешіліп жатыр ма? Сол сандардың артындағы нәтиже қандай? Осымен де санасқан жөн шығар. Мәселесі шешілмей кетіп жатқандар қаншама? Ол неге шешілмеді? Оған жауапты құзырлы органдар неге сол істі шешпейінше аяғына дейін бармады деген сұрақтар да маңызды болу керек қой. Міне, біз осыны ашық айтсақ, нағыз ашықтық деген сол болар еді. Бұл тек жұмысқа орналастыруға қатысты цифр емес. Кейде ел бойынша жүгіру жарыстары болып жатады. Онда да «мыңдаған адам жүгірді» деп жатамыз. Кейде алаңдарда бір концерт өтсе, «150 мың көрермен қатысты» деген сияқты сандарды сөйлетеміз. Ол не үшін керек? 150 мың адамды елестетіп көріңізші өзіңіз. Болмаса 15 мың адамның өзін елестетіп көріңіз. Мүмкін әрбір адамды алдын ала тіркеп, содан кейін сондай сан шығаратын шығар. Ол жағын білмеймін. Әйтеуір осы сандарды құбылту, көпіртіп айту кейде шаң беріп қалады. Бір ғана «Оқитын ұлт» бағдарламасы аясында қаршадай қыздың 1500 кітап оқығанын, зейнеткердің 3000-нан аса кітап оқып тастағанын айтатын болдық. Ал солармен сөйлесіп көріңізші.
Әркім өз деңгейінде сөйлейді ғой. Мүмкін, біздің деңгейіміз төмен шығар. Өйткені мен бір күнде 30 беттен аса кітап оқи алмаймын. Осы күнге дейін оқыған кітабымның саны мектеп оқулықтарын қоссам да 500-ден аспайды. Мықтаса, нақты кітаппен өлшесем, 100-ге де жетпейтін шығар. Сонда әлгі оқымыстылар неге сонша кітап оқып, ғалым болып кетпеген, көзі әлсіремеген деп таңғаламын да, сол баяғы ойға қайта ораламын.
Айтпағым, «Цифрлы Қазақстан» дегеніміз цифрды оңды-солды ойнату деп түсінбейік. Егер Әділетті Қазақстанды қоғам болып бірге құрайық десек, онда асықпай, аптықпай, нақты мәселелерді нақты шешіп, басын бастаған дүниемізді аяғына дейін жеткізіп, оның нәтижесін саралап отырғанымыз абзал. Өйткені қоғамды цифр дамытпайды. Қоғамды нақты нәтиже дамытады.