Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Кеңшілік кеңістігі» атты еске алу кеші өтті.
Қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, болмысы бөлек, екпіні ерек ақынның шығармашылығынан сыр шерткен кеш оның өмірі мен өнерін, өлеңмен өрілген тағдырын, ұлт рухын жаңғыртқан мәңгілік мұрасын дәріптеуге бағытталды.
Кеш барысында ақынның шығармашылық әлемі жан-жақты ашылып, поэзиясындағы махаббат, адамгершілік, туған жер, ұлттық болмыс пен өмір философиясы көркем сахналық шешімдер арқылы көрерменге ұсынылды. Ақын өмірінен сыр шертетін архивтік бейнематериалдар, фотосуреттер мен естеліктер көрсетіліп, шығармашылық жолының маңызды кезеңдері өрнектелді.
Ақ қағаздың отырды
ақын алдында,
(Ақ қағаз ғой оған талан,
тағдыр да!)
Дастарқандай жатты
ақ қағаз жаюлы,
Ал, айтып көр,
Ал, жазып көр,
Ал, жырла!
Ал, айтып көр, ақ қағазға
жаз бәрін,
Заман қамы – қоғам қамы,
өз қамың.
Адамзаттың озығын айт,
озғанын,
Қай машығы шірігенін, тозғанын – деп жырлаған Кеңшілік ақын 43 жасқа жетпеген қысқа ғұмырында жыр тілінде көп нәрсе айтып кетті.
Қазақ әдебиетінде «Соғыстан соң туғандар» делінетін буынның алдыңғы қатарында есімі аталатын ақынның поэзияның баллада, поэма жанрларына салған олжасы мол. Сол туындылардың көтерер жүгі мен айтар ойы салмақты. Мәселен, еске алу кешінде сахналық қойылым арқылы ұсынылған «Төлеутайдың төрт қызы» атты балладасында соғыстан кейінгі жылдардың панорамасы мен ұрпақ мәселесі қатар өрнектелген. Осындай туындылар ақынның шығармашылығында аз емес.
Кеңшілік Мырзабеков – тарихи тұлғаларды көп жырлаған ақындардың бірі ғана емес, бірегейі. Сол өлеңдерінің астарында белгілі бір адамды емес, ұлтты ұлықтау жатыр. «Мұхтар мен Қаныш» немесе жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған балладаларында бұл анық байқалады. Осы өлеңдерді сахнадан ұсынылған бейнежазбалар арқылы ақынның өз оқуында тыңдадық. Ақын тұлғалар арқылы қазақ өнерінің галереясын жасады десек те, артық болмайды. Атап айтқанда, оның «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі», «Иманжүсіп» атты туындылары бар. Кеште өткен мен бүгін сабақтастықта өрбіді. Аталған өлеңдер оқылған соң, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын Біржан салдың «Айтбайын» әуелетті. «Қорланға ғашық болған есіл Естай» атты өлеңінен кейін талантты әнші Өзгеріс Шерікбай «Қорлан» әнін салды.
Меніңше, бұл адам
«Дың» еткен дыбыстан
жаралған.
«Дың» еткен дыбыстан –
Туатын «үп» еткен
самалдан.
Тырс еткен тамшыдан –
Тырс еткен жасыңнан
жанардан,
Сарт та сұрт найзағай
жасылдан.
Іңгәдан,
Үһіден –
Жыласа мұңды адам.
Қуанса туатын дыбыстан –
Күлкіден .
Аққудың сұңқылы,
Бозторғай шырылы,
Қыранның саңқылы,
Ұлардың шуылы –
Осының бәрі бар бойыңда,
не керек,
Адамсың, ағажан,
керемет!..
Бұл – Кеңшілік Мырзабековтің «Дыбыс немесе Нұрғиса Тілендиев туралы жыр» атты туындысынан үзінді. Әйгілі күйші-композитордың бейнесі мен дарынын ақын дәл сипаттаған. Осы өлең оқылған соң, Нұрғисаның бір шығармасы ұсынылды.
Ақындықтың бір синонимі – еркіндік, ақиқатты ешкімнен жасқанбай айту. Кеңшілік ақын осы ұстанымнан таңбады. Соған дәлел ретінде кеште оқылған мына өлеңінен үзінді келтірейік:
Мемлекеттік масштабта
кел, көсіліп сөйлейік,
Еркін-еркін, онда не тұр,
еркін болсақ, еркесініп
сөйлейік.
Әлеуметтік маңызбенен,
азаматтық парызбенен
Өремізді көрсетіп,
Азаматтық ой-пікірмен
Аренада өркеш
ұрып сөйлейік.
Ауыл-үйдің пыш-пышынан
алыс шығып сөйлейік,
Тереземіз кімдерменен тең
екенін таныстырып
сөйлейік.
Бұрынғыдай
бардың-жоқтың
дақпыртына мәз болмай,
Құр мақтанды қанағатқа
ауыстырып сөйлейік...
Кеште ақынның өлеңдерін танымал әртістер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрам Қайсанов, Алтынай Нөгербек, Қуандық Қыстықбай, Әділ Ахметов, елорда театрларының актерлері, ақынның немересі Назерке Кеңшілік оқыды. Кеңшілік ақын Торғай топырағынан түлеп ұшып, қазақ поэзиясының көгіне самғады. Осыған орай Мұхтар Шахановтың өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы», Қонысбай Әбілдің «Бала махаббаты» (сөзінің авторы – Тұрғали Жетесов) әндері кеш бағдарламасына қисынды кіріктірілді. Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдеріне бірнеше ән жазылған екен. Осы туындылар шырқалды. Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Гәкку» жетігеншілер ансамблі, дәстүрлі әнші Перизат Тұрарова өнер көрсетті.
Қарағым, біздің баста да
Қарлығаш дәурен
көп тұрмас.
Қанатсыз қалсақ, масқара,
Қанаты барлар жақтырмас – деді ақын бір өлеңінде. Ол өмірден жыр қанатында биікте қалықтап өтті.
...Жүрегімді жылуы
жібіткенде,
Уайымнан да жанамын,
үміттен де.
Жанып жүріп бір күні
өшіп қалсам,
Күлім ұшып кетер деп күдіктенбе!.. – деп те жазды Кеңшілік ақын бір жырында. Өзі дәл болжағандай, өміршең өлеңдері арқылы қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алды. Соның бір дәлелі осы кеш болды.