«Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысуда

«Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысуда
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысына арналған кеңес өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жиында марафонның аралық нәтижелері мен кітап оқуды кеңінен насихаттау бойынша алдағы шаралар талқыланды. Марафон Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында өткізіліп келеді. 

Бүгінде жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар. Барлық өңірде жобалық кеңселер құрылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Сонымен қатар reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді. 

Қатысушылар платформада оқыған кітаптары туралы пікірлерін жариялайды. Жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы – 25 557, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249 және Қызылорда облысы 14 037 пікірмен алда келеді. 

Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы платформаға пікір жазған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайды. Әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр – елордада 3 мыңға жуық, Жамбыл облысында 1 699 жарияланым бар. Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесін бөлісті. 

Ауылдық жерлерде кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптардың көпшілікке қолжетімді болуына, сондай-ақ марафонға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдері мен шығармашылық зиялы қауымды тартуға айрықша назар аударылды. 

Ұсыныстардың қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар желісімен комикстер, кітаптарды таныстыратын трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар. Сондай-ақ «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды. 

«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәлімет пен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр. Кітап оқуды насихаттау үшін кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс. 

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, халықты марафонға кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі қадағалау жөніндегі алдағы міндеттер белгіленді.