2026 жылғы 18 қазанда Ақтөбе қаласындағы Үстел теннисі орталығында «ROAD TO ASTANA 2027» спорттық-мәдени фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында Астанада өтетін үстел теннисінен ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионатына арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ақтөбе ұлттық эстафетаны қабылдаған үшінші қала әрі оның батыс өңірдегі басты алаңына айналды. Фестиваль кәсіби спортшылардың, жаттықтырушылардың, жас теннисшілердің, спорт жанкүйерлері мен қала тұрғындарының басын қосып, спорттық тартыс пен шығармашылыққа толы мерекелік көңіл күй сыйлады. ITTF-тің ресми туының сапары 2026 жылғы мамырда Лондон қаласында басталды. Онда Қазақстан әлем чемпионатын келесі қабылдаушы ел ретінде туды салтанатты түрде қабылдады. Лондоннан Астанаға жеткізілген ту еліміздің өңірлерін аралауға аттанды.

4 қазанда эстафетаны Өскемен, 11 қазанда Көкшетау қабылдаса, 18 қазанда бұл мәртебелі сапар Ақтөбеде жалғасты. «ROAD TO ASTANA 2027» – спорттық эстафетадан әлдеқайда ауқымды жоба. Оның басты мақсаты – Қазақстанның қайталанбас табиғатын, бай мәдениетін, ұлттық дәстүрлері мен халқының қонақжайлығын әлемге таныту. Жоба үстел теннисінен өтетін дүбірлі дода қарсаңында еліміздің өңірлерін ортақ мақсат төңірегіне біріктіреді.
Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі әлем чемпионатының ресми туын салтанатты түрде алып шығу рәсімі болды. Бұл құрметті міндет Ақтөбе облысының спортшыларына жүктелді. Атап айтқанда, Қазақстан чемпионатының жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер Рахман Алтынбекұлы және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, WTT Contender Tashkent халықаралық турнирінің жүлдегері Нұрай Жанаева ресми туды көпшілік назарына ұсынды. Салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбай қатысты. Фестиваль бағдарламасында спорт пен ұлттық өнер үйлесім тапты.

«Батыс» этнотобы өнер көрсетіп, «Батырлар жыры» және «Алаш ұраны» музыкалық туындылары орындалды. Жас теннисшілердің көрнекі ойындары, шеберлік сабақтары мен спорттық челлендждер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар өздерінің шапшаңдығын, дәлдігін және ойын шеберлігін сынауға мүмкіндік алды. Іс-шара алаңында 12 теннис үстелі орнатылып, интерактивті аймақтар, фотозона, қолөнер шеберлері мен жергілікті өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Фестиваль түрлі буын өкілдерін біріктіріп, үстел теннисін кеңінен насихаттауға және кәсіби спортты көпшілікке жақындата түсуге ықпал етті. Эстафетаның келесі аялдамасы – Түркістан қаласы.

Еліміздің оңтүстік өңірінің атынан эстафетаны қабылдайтын Түркістаннан кейін ресми тудың сапары Астанада мәресіне жетеді. Дәл осы елордада 2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында әлемнің үздік үстел теннисшілері бас қосады. «ROAD TO ASTANA 2027» Қазақстанды әлемге танытатын сапарын жалғастыруда. Қаладан қалаға, өңірден өңірге ұласқан эстафета спортқа деген ортақ сүйіспеншілік пен елге деген мақтаныш сезімін ұштастырады. Лондоннан – Қазақстанға! Бүкіл елді аралап – Астанаға!