Өткен тарихтың ескерткіші

Өткен тарихтың ескерткіші

Астанада белгілі жазушы, тарихшы Тұрсынхан Зәкеннің «Қараберен» романының таныстырылымы өтті. «Фолиант» баспасынан жарық көрген романда қазақ халқының XVIII ғасырдағы жағдайы, Қожаберген батырдың ел мен жерді қорғау жолындағы күресі баяндалған.

– Қожаберген батыр – қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғауға және қазіргі қазақ шекарасының қалыптасуына зор үлес қосқан. Батыр туралы Қытай дереккөздерінде де көп дерек сақталған. Романда қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, дәстүрі мен мәдениеті, хандар мен билер кеңесінің шешімдері және сол дәуірдегі қоғамдық орта кеңінен қамтылады. Қожаберген батырдың Алтай мен Тарбағатайға көш бастап, сол өңірлерге ел қоныстандырған ерлігі де баяндалады. Бұл туынды – менің Қожаберген батырдың ерлік жолы арқылы тұтас XVIII ғасырға қойған ескерткішім. Сол бір алмағайып заманда ел бастаған, қол бастаған ерлердің және Қазақ даласының әр төбесінде, әр қонысында қорым тасы қалған боздақтардың рухына арналады, – дейді жазушы.

– «Қараберен» – Саяси-әлеуметтік, дәуірнамалық, полифониялық роман. Романда қазақтың соғыс өнерінің стратегиясы мен тактикасы керемет баяндалған. Іріктеп алса қазақтың соғыс өнерінің стратегиясының бәрі осы ішінде тұр. Бас кейіпкер Қожаберген болғанымен, шығармада ел қорғауға ерен еңбек сіңірген қазақ батырларының бәрі жүр. Сондықтан бұл кітап елдік сананы күшейтіп, ұлттық рухты оятатын еңбек деп бағалаймын, – деді филология ғылым докторы, профессор Серік Негимов.

Кітапқа арқау болған Қожаберген батыр Жәнібекұлы – (1698-1785 жж.) тұлпар мініп, ту ұстаған қолбасшы сардар, есімі ұранға айналған ұлы дала дипломаты. Тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 1756-1767 жылдардағы мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде жазған «Қожаберген батыр» кітабына енгізілген 14-құжатта «Қожаберген мен Қара Барақ – Абылайдан кейін іс атқаратын мәртебелі адамдар» деп атап көрсетеді.