Ысырапшылдық немесе қонақасы кімге арналған?

Ысырапшылдық немесе қонақасы кімге арналған?

Халқымыздың өлім жөнелту, ас беру ғұрпының да өзіндік тәртібі бар. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп дәм-тұзы таусылып, фәниден бақиға аттанған адамның рухына құрмет көрсетуді парыз санаған халқымыз марқұмды соңғы сапарға аттандырып салуға, аза тұтуға айрықша мән берген. Мінген атын тұлдап, туыс-туғаны қара жамылса, ал жұртшылық оларға арнайы келіп, көңіл айтып, өмірден озған марқұмға құран бағыштап, бет сипауды адамгершілік парыз ретінде қараған. Бабадан балаға жеткен бұл дәстүр қазір де жалғасып келеді.

«Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегендей, қай отбасының бір мүшесі қазаға ұшыраса да, айтып келмейтін ажалдың рухани соққысынан сырт, экономикалық салмағы да ауыр. Діни рәсімдермен қабаттасқан қазақы ырым-жырымдардың өзі біраз тиын-тебеннің басына су құятыны жасырын емес. Оның үстіне, қасиетті Құран үкімдері мен Пайғамбарымыздың сүннетіне сай өлім-жітімде де аста-төк ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс делінсе де, өлім-жітім, нәзір-шырақтағы ысырапшылдық әлі күнге дейін тиылмай келеді. Керісінше, кей өңірлерде асқынып бара жатқандай. Осы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміз бойынша баршаға тиімді құдайыас дастарқанының ортақ мәзірін әзірлеп, көпшілік қауымға ұсынған еді. Жұрт та мұны жылы қабылдап, кей өңірлер сол белгіленген тәртіп бойынша өлім-жітім істерін жөнелтіп жатыр.

Дінімізде міндетті түрде қарызданып, өзіне жетпей жатқан қаржыдан жырып, мал сойып садақа бер деген үкім жоқ. «Жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта нақтылы белгіленбегендіктен, оны тек рәміздік атау ретінде орындаса болады. Жетісін, қырқын беруді Ханафи мазхабының ғалымдары марқұмның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысы көңіл айтып, бет көрісу үшін жасалатын «мубах» (рұқсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызады. Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды» деген сөзді де молдаларымыз үнемі айтып келеді. Алайда кейінгі кезде кейбір өңірлерде жаназа, жерлеу, ас беру дәстүрлері шектен тыс шығынға ұласып, қайғы үстіндегі отбасыларға қосымша қаржылай салмақ түсіретін болжаусыз шығынға айналды. «Жұрттан ұят болмасын» деген түсінікпен адамдар шама-шарқына қарамай кредит алса да, қарызға батса да, әйтеуір бір мол дастарқан жайып ас беру әдет болып кеткен. Бұл – ойланатын мәселе.

Жалпы мұсылмандарда «Қаралы үйден түтін шықпасын», «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген ұғым бар. Шаңырағында кісі қайтыс болып, аза тұтып, қара жамылған үйге көршілері, туыс­тары тамақ әкелуі – сүннет. Сахаба Жағфар опат болғанда, Алла елшісі (с. ғ. с.) өзінің отбасына барып: «Жағфар әулеті мәйіттерінің ісімен әуре болуда, сондықтан оларға тамақ әзірлеңдер» деген екен. Туысқан ұлттардың көбі осы дәстүрді ұстанады. Ал біздің қазақта керісінше, мәйіт­ті жатқызып қойып, кісі күтудің қамына кіріседі: асқа соя­тын жылқы іздейді, қонақасы, ас беретін кафе, асхана, рес­торанға сөйлесіп сабылады. Базарға барып, дастарқанға салатын тәтті-дәрмек, жеміс-жидек алады. Ал көңіл айта барғандар сол дастарқанның басында қазы-қартаны қиялай турап, қылғына жұтып отырады. Бұл санаға салып салмақтасақ, көрер көзге де ерсі. Бірақ етіміз үйреніп кеткен. Мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу жұмысы болса да, келетін адамның көңілінен шығу басты міндетке айналған.

Жақынынан айырылған адамның қайғысын сөзбен жеткізу қиын. Мұндай сәтте оған ең алдымен туыстарының жұбату сөзі, ағайынның қолдауы, елдің демеуі қажет. Бірақ, жоғарыда айтқанымыз­дай, қаралы үйдің жағдайын түсініп, ауыртпалығын жеңілдетудің орнына оған қосымша міндеттер жүктеледі. Жерлеу рәсіміне қанша адам шақыру керек, дастарқанға не қойылады, асқа қандай мал сойылады, қонақтарға не таратылады деген мәселелер алдыңғы орынға шығып кетеді. Өйткені «ел не дейді?», «ағайыннан ұят болады», «пәленшенің асы осындай болған еді» деген қоғамдық қысым күшті. Орын бойынша ақы төлейтін Қазақстанда қазір 5000 теңгелік орын оңай табылмайды. Астана сияқты ірі қалаларда ең төменгі баға 7000 теңгеден басталып, 20 мың теңгеден асады. Сары май, бәліш, жеміс-жидек сияқты тағамдардың бәрін қойған соң, әрине, орынның да құны өседі (сол бәлішті аста жеп жатқан ешкім жоқ, көбі көрініске тұрады да, әйелдердің қоржынында кетеді). Оның үстіне, қазақтың мал соймай, астау­-астау ет тартпай ас өткізбейтін әдеті тағы бар. Өзге ұлттар сияқ­ты бір қазан палау басып, ас беру үлкен ұят сияқ­ты саналады. «Марқұмның өз тапқанын өзінен аяған ба? Мынасы несі?!» деп жұрт та жиырыла қарайды. Ендеше еттің бағасын қосқанда ең арзан деген орынның құнының өзі 10 мың теңгеден (7000 теңгелік орынды алып айтсақ) асып түседі. Ал көңіл айтуға келгендердің бәрі 10 мың теңгеден бата жаздыра бермейді, бір отбасынан 2 адам келіп, 10 мың теңге беретін жағдай жиі кездеседі. Демек, астағы әр екі орынның біреуі шығын деген сөз.

Сондай-ақ қазір кісі қайт­қан күні де 10-20 үстел дастарқан жайып, қонақасы беретінді шығардық. Қазақ салт бойынша бұрын да бір қойын сойып қонақасы берген. Іргесінде дайын асханасы, қонақ үйі тұрмаған соң, алыстан келген көңіл айтушыларды тамақтандырудың қажетінен туған салт еді бұл. Демек, қонақасы алыс­тан келген кісілерге арнап беріледі. Бірақ қазір «Қазақ қонақасы береді» деп жайнатып дастарқан жайып, алыс­тан келген қонақтармен бірге бүкіл ауылды, көңіл жетер ағайынды тамақтандыратын болдық. Қалада да жағдай солай. Бір-екі үстел болса бірсәрі, 10-15, тіпті 20-25 үстел адамға қонақасы беріп бір; ертесі ас беріп екі шашыламыз. Қазақ дәстүрінде қонақ күту, ас беру, марқұмды құрметпен шығарып салу секілді ғұрыптардың бәрінің де өзіндік мәні бар. Алайда салттың сыртқы көрінісін сақтаймыз деп, оның бастапқы мақсатын ұмытып кетпеуіміз керек. Ендеше, қонақасы алыстан келген жолау­шының қамы үшін жасалатынын ескерсек, бүгінгі көпшілікке арналған мол дастарқанның қандай қажеттілігі бар? Жоқ, әлде марқұмға жазылатын сауап пен оның қадір-қасиеті жайылған дастарқанның көптігімен, жұмсалған қаражаттың көлемімен өлшене ме?!

Өлім-жітім шығынын азайту туралы сөз қозғалғанда «Ата-баба дәстүрін ұмытамыз ба?», «Марқұмының өз тапқанын өзінен аяймыз ба?» деген пікір де айтылады. Үнемшілдік пен дәстүрге құрмет бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, шамадан тыс шығыннан бас тарту – қаралы отбасының жағдайын ойлау, тірілерге жасалған жанашырлықтың көрінісі. Сондықтан ең маңызды қадам – қоғамдағы түсінікті өзгерту. Ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары, мешіттер мен жергілікті қауымдас­тықтар өлім-жітім кезіндегі ысырапты азайту жөнінде ортақ ұстаным қалыптастырып, жұртқа үгіт-насихат жасауы керек. Ас дастарқанына да ортақ тәртіп керек. Мешіт асханалары да ас-шырақ дастарқанның ас мәзірін ықшамдап, әр орынның бағасын төмендеткені дұрыс деп санаймыз.

Өлім – өмірдің ажырамас бөлігі. Ал жақынынан айырылған жанның қайғысын жеңілдету – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін өлшемнің бірі. Сондықтан өлім-жітімдегі ысырапшылдықты тек қаржы мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – дәстүрдің мәнін түсіну, қоғамдық пікірдің қысымынан арылу және адамға деген құрметті қайта пайымдау деген сөз. Біз дәстүрді бұзбай, өліні де құрметтейміз деп жүріп, оның артында қалған ұрпағын қарыз­ға батуына себепкер болмауымыз керек. Қайтыс болған адамның жақсы атын сақтау үшін қымбат ас беру міндетті емес. Кейде бір ауыз жұбату сөзі, қиын сәтте көрсетілген көмек пен шынайы көңіл кез келген мол дастарқаннан қымбат.