Қазақ баласы неге әлсіз?..

Қазақ баласы неге әлсіз?..

Ертеден жеткен ертегі-жырларда қазақ батырларының бейнесін суреттегенде «жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай» деген теңеулер жиі кездеседі. Ат үстінде күн кешіп, ел қорғаған бабаларымыздың дене бітімі ғана емес, табиғаттың талқысынан өткен шымырлығы да осындай сөздермен сипатталатын.

Қазір сол ертегі-аңыз­дардың кейіпкерлеріндей жілікті де білікті азаматтар азайғандай көрінгенімен, арамызда әлі де бар. Олар спортта, әскери салада, түрлі ауыр кәсіпте жүр. Алайда бүгінгі балаларға қарап отырып, баяғы қазақтың қарулы бозбала бейнесін елестету барған сайын қиындап бара жатқандай.

Кейде мектеп жасындағы балалармен амандасып, қол алыса қалсаңыз, қолының әлсіздігінен-ақ өзгеше әсер аласыз. Білегі бос, алақаны жұмсақ. Бұрынғыдай күнделікті тіршілікпен шыныққан, қара жұмыспен қайралған дене бітім байқала бермейтін болды. Әрине, жігіттің мықтылығы тек қолының күшіне немесе бұлшық етінің шымырлығына байланысты емес. Бірақ бір кездері табиғи түрде шымыр болып өскен халықтың дене бітімінің нәзіктене түсуі ойландырмай қоймайды.

– Бұрын бала еңбекке ерте араласатын. Ауылдағы тіршілік мал бағу, отын-су тасу, үй шаруасына көмектесу, үлкенге қолғабыс ету секілді күнделікті жұмыспен тығыз байланысты болды. Ағайынның шаруасына араласу, туған-туысқа көмектесу де тәрбиенің бір бөлігі еді. Мұның бәрі баланың мінезін ғана емес, денесін де шыңдайтын. Ал қазір техниканың дамуы мен тұрмыстың жеңілдеуі қара жұмысты азайтты. Баланың уақыты көбіне мектеп, телефон, компьютер және басқа да цифрлық дүниелердің арасында өтіп жатыр. Соның салдарынан табиғи қимыл-қозғалыс та кеміді, – дейді астаналық тұрғын Жасұлан Баққожа.

Әлжуаз баладан әлді ұрпақ тумайды

Бұл мәселе тек сыртқы дене бітіміне қатысты емес. Балалардың денсаулығына байланысты көрсеткіштер де алаңдатады. 2024-2025 жылдардағы медициналық есептер мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 5,1 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді. Осы тексерулер барысында мектеп оқушыларының шамамен 11 пайызынан алғаш рет созылмалы немесе асқынған ауру түрлері анықталған. Яғни жыл сайын 242 мыңнан астам балаға жаңа диагноз қойылады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші де кейінгі жылдары өскен. 2021 жылы әр 100 мың балаға шаққанда 94,8 мың жағдай тіркелсе, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш 96 мыңға жеткен. Оның ішінде тыныс алу мүшелерінің аурулары бірінші орында тұр. Әр 100 мың балаға шаққанда 47,8 мың жағдай тіркелген. Ал 2025 жылғы 1 қыр­күйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған кәмелетке толмаған балалардың саны 14,5 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіштің 2019 жылмен салыстырғанда 5,1 есеге өскені айтылады. Олардың басым бөлігі – 6-14 жастағы мектеп оқушылары. Мұның бәрі ұрпақ денсаулығына кеңірек қарау қажет екенін көрсетеді. Себебі мықты ұлт ең алдымен дені сау ұрпақтан құралады. Бұл жерде ер балалардың денсаулығына қатыс­ты мәселені де айналып өтуге болмайды. Мәселен, елімізде түрлі деңгейдегі репродуктивті бұзылысы бар немесе белсіздікке шалдыққан ер адамдардың саны 1,5 миллионға жуықтайды деген дерек бар. Дәрігер-андрологтардың айтуынша, ерлер денсаулығына қатысты көптеген мәселенің негізі жасөспірім кезеңде қалыптасады. Скринингтен өткен жасөспірім ұлдардың 90,3 пайызынан әртүрлі урология патологиялары анықталғаны да осы мәселеге бейжай қарау­ға болмайтынын аңғартады. Бұл – ертеңгі демографияға да әсер ететін мәселе. Сондықтан баланың денсаулығына мектепке барған кезде емес, дүние­ге келген сәтінен бастап мән берген жөн. Әрине, мемлекет бұл бағытта түрлі бағдарлама арқылы қолдау көрсетіп келеді. Қазақстанда ЭКҰ бағдарламалары 1995 жылдан бері жүзеге асырылып, осы уақыт ішінде олардың көмегімен шамамен 50 мыңға жуық бала дүниеге келген. Бүгінде елде 30-дан астам ЭКҰ орталығы жұмыс істейді. Ал 2021 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында мыңдаған отбасыға мүмкіндік берілді. Дегенмен мұндай шаралар мәселенің салдарын шешуге көмектес­кенімен, оның түпкі себебін жоймайды. Сондықтан баланың денсаулығына тек дәрігер немесе мемлекет емес, ең алдымен, отбасы, мектеп және тұтас қоғам болып жауапкершілікпен қарау керек. Денсаулықты ауруды емдеуден бұрын сақтауды үйренуіміз қажет.

Еңбек ер етеді

Әрине, бұрынғы ұрпақтың шымыр болуының бір себебі – олардың күнделікті өмірінің өзі қозғалыс пен еңбекке құрылғанында. Бүгінгі балаға ондай табиғи жүктеме аз. Ендеше оны спортпен, дене жаттығуларымен, таза ауадағы белсенді өмірмен алмастыруға тура келеді.

– Кезінде бәрі де қол еңбегі арқылы өсетін. Ал қазір ғылым мен техника дамуының арқасында адамдар қара еңбектен гөрі жеңіл жұмысқа ауысты. Сондықтан балалардың шымыр болмауын жастайынан еңбекке араласпауынан деп айтуға болады. Әрине, шымыр балалар да бар. Бірақ олардың көбі – спортпен жүйелі айналысатындар. Сондықтан барлық жұмыс тек ақыл-оймен бітеді деп отыра беруге болмайды. Спортпен айналысып, түрлі жаттығу жасатып, балаларды шымыр етіп тәрбиелеуге барынша күш салуымыз әрі оларды ауыр жұмыс болмаса да, түрлі еңбек арқылы шыңдауды әдетке айналдыруымыз керек, – дейді тас көтеруден рекордсмен, палуан Мұрат Нұрғазин.

Оның үстіне, бүгінгі балалар қазы-қарта, айран, сүт сияқты құнарлы тағамдарды аз жейді. Оның орнына донер, бургер, фаст-фуд жеп, тәтті сусындарды көп тұтынады. Мұндай тағамдар қарын тойдырғанымен, ағзаға қажетті барлық қоректік заттарды толық бере бермейді. Бұл жерде мәселе тек ет жеу немесе жемеуде емес. Негізгі мәселе – баланың жалпы тамақтану мәдениетінде. Құнарлы тағамның азайып, дайын әрі жеңіл тағамның көбеюі ағзаның әлсіреуіне, дұрыс тамақтанбау­ға және дене белсенділігінің төмендеуіне алып келуде.

– Бұрын балалар сабақтан кейін аулаға шығып, жүгіріп, футбол ойнап, велосипед теуіп, түрлі қимылды ойындарға қатысатын. Ал қазір бос уақыттың едәуір бөлігі экран алдында өтеді. Бір орында ұзақ отыру, аз қозғалу, ұйқы тәртібінің бұзылуы баланың физикалық дайындығына кері әсер етуде, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бекен Тұрғынбеков.

Айналып келгенде, кеудесіне отын жарсаң да былқ етпейтін бабаларымыздың бейнесін аңыздан ғана іздемей, оны бүгінгі ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесінен де көре алсақ, ұтқанымыз сол болар еді. Осы мәселенің бәрін ескере келе, қазіргі әскердегі физикалық талаптар мен әскери тәртіптің де қоғамдағы өзгерістермен бірге қайта қаралуы керек деп ойлаймыз. Өйткені бұрынғыдай әскери жаттығулармен бұрынғы жүйенің қалыптасқан машығына қазіргі балалардың денсаулығы жарамыз. Сондықтан олар тез жараланады. Дене қуаты көп нәрсеге шыдамайды. Соны түсінуіміз де маңызды.