Волонтерлік бойынша тренерлерді даярлау курсы басталды

Волонтерлік бойынша тренерлерді даярлау курсы басталды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада волонтерлік бойынша білікті мамандарды даярлауға бағытталған «Тренерлерге арналған тренинг» бағдарламасының тереңдетілген курсы басталды. Биылғы лекке 17 адам қатысып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бағдарламаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, стратегиялық әріптестік жобасы аясында жүргізіп келеді.

2026 жылы бұл бағдарламаның мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы осы жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын.

«Тренерлерге арналған тренинг» волонтерлік қозғалысқа қажетті білікті мамандарды даярлап, волонтерлік бастамаларға көрсетілетін әдістемелік қолдаудың сапасын арттыруды көздейді.

Кейінгі үш жылда бағдарламаның базалық курсынан 140 тренер өтті. Оның ішінде 2024 жылы 42, 2025 жылы 47, ал 2026 жылы 51 адам білім алды. Тереңдетілген курс бойынша екі жыл ішінде 33 маман даярланады.

Оқу барысында қатысушылар теориялық біліммен қатар, волонтерлік қауымдастықтармен жұмыс істеуге қажетті тәжірибелік дағдыларды меңгереді. Кейін олар алған білімі мен тәжірибесін өңірлердегі волонтерлер мен ұйымдарға арналған семинарлар мен өзге де жиындарында ортаға салады.

2025 жылы тереңдетілген курсқа қатысушылар 80-нен астам семинар өткізді. Биыл еліміздің өңірлерінде тағы кемінде 85 оқыту шарасын ұйымдастыру жоспарланып отыр.