Биші әжелер «ASTANA FEST – 2026» байқауында бас жүлдеге ие болды

Биші әжелер «ASTANA FEST – 2026» байқауында бас жүлдеге ие болды
фото: Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Астанада өткен «ASTANA FEST – 2026» халықаралық өнер байқау-фестивалінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сарыарқа» би ұжымы жоғары жетістікке қол жеткізіп, ГРАН-ПРИ жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқау «Қазмедиа" орталығында өтіп, оған «ЖАҢҒЫРУ» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Ресей Федерациясының бірқатар қалаларынан жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қатысты. Қатысушылар хореография, вокал, аспаптық орындаушылық, театр өнері, көркемсөз оқу және бейнелеу өнері бағыттары бойынша бақ сынады. Байқау барысында «Сарыарқа» би ұжымы қазақ өнерінің көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әніне қойылған би композициясын көпшілік назарына ұсынды. Әсем қимыл мен үйлесімділікке негізделген өнер көрсетілімін көрермендер жылы қабылдап, қазылар алқасы жоғары бағалады. Нәтижесінде биші әжелер фестивальдің ең жоғары марапаты – ГРАН-ПРИ жүлдесіне ие болды.

Өнер ұжымының жетекшісі – хореограф, жас маман Әлия Абылқасымова. Оның жетекшілігімен құрылған би тобы екі жыл көлемінде тұрақты дайындалып, қалалық мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Бүгінде ұжым құрамында 30 зейнеткер бар. Олар әртүрлі би жанрларын меңгеріп, сахнада өздерінің өнерге деген құштарлығы мен шығармашылық қабілеттерін танытып жүр.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айару Бақытованың айтуынша, бұл жетістік – ұжым жетекшісі мен биші әжелердің бірлескен еңбегінің жемісі.

«Биші әжелеріміздің бұл жетістігі, ең алдымен, жетекшілері Әлия Талғатқызының табанды еңбегінің нәтижесі деп білемін. Жас хореограф маман орталығымызға келгеннен кейін осы би ұжымын құрып, екі жыл бойы бишілермен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде олар қалалық іс-шараларға белсенді қатысып, өз өнерлерін көпшілікке паш етуде. Жалпы, Сарыарқа ауданы бойынша орталықта алты би ұжымы жұмыс істейді. Олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған» – дейді Айару Бақытова.

Өнер байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен және кубоктармен марапатталды. Бұл жеңіс – жасқа қарамастан өнерге деген сүйіспеншілік пен талпыныстың шексіз екенін көрсететін жарқын үлгі. Биші әжелеріміздің жетістігі аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстанып, қоғамдық және мәдени өмірге етене араласуына үлкен серпін береді.