Вандализм – қоғам дерті

Вандализм – қоғам дерті

Астанамыз күн өткен сайын өркендеп келеді. Демалыс орындары да көбейді. Алайда адам игілігі үшін жасалған түрлі нысанды бүлдіру, сындыру оқиғалары азаймай отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңыз­ды екенін айта келе, жалпықалалық сенбілікке қатысқан жастарға: «Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын – бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет» деген болатын. Расында, ортақ мүлікке ұқыппен қараған жөн. Бүгінде өңіріміз қарқынды даму үстінде. Кес­кін-келбеті келіскен келісті ғимараттар мен сәулеті жарасқан зәулім кешендер бой көтеруде. Демалыс орындары мен қызмет көрсету сапасы да күн санап артып келеді. Алайда бүлдіру мен қирату әрекеті бұл көріністерге көлеңке түсіруде. Мұндай өрескел қылыққа барғандарды вандалдар деп атайды.

Вандализм дерті белең алып тұрған шақта ойын алаңдары, саябақтар, аялдамалар, тіпті қоғамдық көліктердегі орындықтарға дейін шимайланып, бүлінгенін көргенде еріксіз қынжыламыз. Кейде сындырып кетуден де тайынбайды. Тарихи ескерткіштерді қиратып кету – елімізде жиі кездесетін өкінішті жайттардың бірі. Ал вандалдарға тұсау бар ма? Өкінішке қарай, вандализмнің белгілері елордамыздың маңызды инфрақұрылым нысандарынан да байқала бастады. Көптен күткен жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) іске қосылған алғашқы күннен-ақ кейбір азаматтардың жа­уапсыз әрекеті жұрттың наразылығын туғызды. Әлеуметтік желілерде жаңа вагондар мен стансаларда қоқыс қалдырған, орындықтарды ластаған жолаушылардың суреттері тарауда. Бұл – тек тазалық мәселесі ғана емес, қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші. Миллиардтаған қаржыға салынған, ел игілігіне арналған нысанға жанашырлықпен қарау – әр азаматтың міндеті. Егер біз жаңа әрі заманауи көлік жүйесін о бастан қадірлей алмасақ, қоғамдағы вандализм мәселесін толық шешу қиын болмақ. Сондықтан қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарап, ортақ құндылықтарды қорғау мәдениетін қалыптас­тырумен күресу қажет.

Тәрбие – вандализммен күрестің ең тиімді жолы. Бұл мәселеге тек мектеп немесе құқық қорғау органдары ғана емес, ең алдымен, әр отбасы жауапты болуы тиіс. Әр ата-ана баласына ортақ мүлікке, тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қарауды үйретуі керек. Тәрбие сөзбен ғана емес, іс-әрекет арқылы да беріледі. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» демекші, егер ата-ананың өзі көшеге қоқыс тастамай, қоғамдық орындарды таза ұстаса, баласы да соған ұмтылады. Ал тәртіпті тек сөзбен талап ету нәтиже бермейді.

Психолог мамандардың айтуынша, адам вандализм арқылы ішкі күйін, басқа адамдармен келіспей тұрғанын жеткізеді. Мысалы, бір жасөспірім ғимараттың сыртын бояп, сызып немесе сындырып кетсе, қоғамға деген наразылығын білдіреді. Кейде басқалар «Іште сақтама, сыртқа шығарып таста» деген кеңесті дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Агрессиямды сақтамай, оны шығарғым келеді» деп көшедегі көрінген затқа тиіседі. Бұл дұрыс емес әрі тәртіпсіздікке жатады.

– Бос уақытты дұрыс пайдалану қажет. Жастарды қызықты үйірмелерге, спорт секцияларына, шығармашылық орталықтарға тарту теріс әрекетке бармауына жол ашады, – дейді қоғам белсендісі Асылжан Қанатқызы.

Расында, бос уақыттың көп болуы адам психологиясына кері әсер ететінін естен шығармайық. Көше мәдениеті емес, өз мәдениетімізбен танылуға ұмтылайық.

Жастар – ертеңгі ел иесі. Ал вандализмнің құрбаны болу – жастарға жат қылық. Сол себепті оларды мәдени құндылықтарды қадірлеуге баулу аса маңызды. Қоғамдық жұмысқа, еріктілер қозғалысына қатыстыру, тарихи орындарды танып-білуге ынталандыру – вандализмге қарсы нақты бір қадам.

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

2-курс студенті