Астанада полиция қызметкерлері түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды іске қосуға байланысты қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Азаматтардың өтініштерін қарау және профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің аулаларында және тұрғын аймақтарға жақын жерлерде салют атқан адамдарды анықтады.
Мәселен, омниканалды жүйе арқылы Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында салют атылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы Арсен Алданаевты анықтады. Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Тағы бір жағдайда Темірбек Жүргенов көшесінде пиротехникалық бұйымдардың іске қосылғаны тіркелді. Учаскелік полиция инспекторлары 19 жастағы Нұрасыл Сұлтанбековті анықтады. Тексеру барысында оның бұл әрекетті сүйіктісінің туған күнін атап өту кезінде жасағаны белгілі болды.
Сонымен қатар Алматы ауданында түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды іске қосу фактісі анықталды. Түн ортасына таман мейрамханалардың бірінің маңында 19 жастағы Айдынбек Құранбекұлы пиротехниканы іске қосып, жарық әсерлерін ұйымдастырған. Осы әрекетімен ол қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағылардың тыныштығына кедергі келтірген.
Аталған факті бойынша жас жігіт ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды тұрғын аймақтарда және түнгі уақытта іске қосу азаматтардың тыныштығын бұзып, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.
Елорда тұрғындарына пиротехниканы пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтап, айналасындағылардың мүддесін ескеріп, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге жол бермеу ұсынылады.