Жұмысшы мамандығы қай кезеңде де қадірлі. Өйткені әлеуметке тас қалап, темір дәнекерлеп, жол салып, үй тұрғызып, өндірістің шырайын келтіретін адам керек. Астанадағы 32 колледжде экономиканың негізгі салаларына қажетті мамандар оқытылуда.
Тоқсаннан астам кәсіпорынның сұранысымен 3 мыңға жуық студент мақсатты түрде білім алып жатыр. Елордада «Еңбек жолы» байқауы өтіп тұрады. Сонымен бірге қалада «Үздік еңбек династиясы», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша жарыстар да өтіп келеді. Сондай-ақ ірі өндіріс орындары мен компаниялардың қатысуымен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» сияқты форумдар мен кәсіби шеберлік сайыстары ұдайы ұйымдастырылады. Бұл еңбек жәрмеңкелерінің мақсаты – әр маман өзінің оқыған саласына байланысты тұрақты жұмыс тауып, еңбек өнімділігін арттыруға өз үлесін қосу көзделеді.
Белгілі экономист Бексұлтан Ысқақов еңбек нарығында тепе-теңдік сақталуы тиіс деп санайды.
– Астана қарқынды дамып келеді. Бүгінде шаһарда шамамен 1,8 млн адам тұрады. Оның сыртында есепте тұрмағаны қаншама. Мұнда тіршілік қызу. Әсіресе құрылыс, қызмет көрсету салаларына сұраныс жоғары. Мәселен, Дубай, Шанхай сияқты қалалардың маңында индустриялды аумақтар көптеп салынған. Біздің елорданың маңынан машина жасау, құрылыс заттарына шығаратын цехтар, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі сияқты орындарды көптеп салу керек. Қалаға жақын орналасқан Қосшы, Қоянды секілді қала, елді мекендерден ет-сүт комбинаттарын қала тіршілігіне керекті зауыт-фабрикаларды салу қажет. Сонда жас мамандарға жұмыс табылады. Ал құрдан-құр грант санын көбейту түк те пайда бермейді. Сондай-ақ жастарға өңірлерде, өзінің тұрып жатқан жерлерінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, шынайы көмектер қарастырса, нұр үстіне нұр. Сонда жұрттың бәрі Астана, Алматы, Шымкент сияқты қалаларға ағылмайды. Қайта еңбек нарығында тепе-теңдік сақталар еді, – деп пайымдайды экономист.
Үкімет деректеріне сәйкес, 2023 жылы колледждерге мемлекеттік тапсырыс көбейтіле бастады. Жұмысшы мамандықтарына оқитын студенттердің стипендиясы 50%-ға көтерілді. Геология, энергетика, машина жасау, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға қажетті кадр даярлауға басымдық берілді. 2024 жылы Колледждердегі мемлекеттік білім беру тапсырысы 143 мың орынға дейін жеткізілді. Мемлекеттік тапсырыстың 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталды. 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып бекітілді. Сұранысқа ие техникалық мамандықтарды толық тегін оқыту бағыты енгізілді. Мемлекет сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды 100% тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды көздеді. Мемлекеттік тапсырыстың техникалық бағыттарға арналған үлесі 70%-ға көтерілді. Биыл да бұл қарқын үдемек.
Астана құрылғалы құрылыс саласында істеп келе жатқан Берік Асанов өзінің балалары да құрылысшы болғанын қалайды. Алайда әлеуметтік тұрғыдан толықтай қамсыздандырылмағандықтан, бұл салада жандандыратын іс көп дейді.
– Жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінуде. Өзім 25 жылға жуық құрылыс саласындамын. Қыш қалаушыдан бастап прораб, бригадир деңгейіне жеттік. Қысы-жазы далада жүріп, ауыр жұмыс істедік. Бүгінде құрылыста кран басқаратын, жүк көлігін айдайтын, қыш қалайтын, сылақ сылайтын, сантехник мамандардың біразының жасы ұлғайған. Жастардың көбі жұмыстың ауырлығынан тайсалады. Сондықтан жұмысшы мамандықтарына қызықтыру үшін әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасап, 3-4 айлық курстарды көбейтсе екен. Өзім ұлымды колледжге құрылысшы мамандығына бермекшімін. Алайда оның болашағын ойлаймын, қарапайым жұмысшы болып қалып қоймаса екен. Біздегі ең үлкен кемшілік қызметтік жолда өсіп, даму жағы қарастырылмай тұр. Егер әлеуметтік жағдай жасалса, үй-жай алуға мүмкіндік жасалса, көптеген жастар жұмысшы мамандықтарына келеді, – деп түйді құрылсшы.
Тоқетері, жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінгенімен, жұмысқа орналастыру жағы қолға алынса, еңбегіне қарай қызметі көтерілсе, әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандырылса, мемлекет ісі өркендей түсері анық.