Астананың Үркер тұрғын алабында ашық аспан астында спорт іс-шарасы өтті. Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кешке 200-ге жуық тұрғын қатысты. Олардың арасында жастармен қатар егде жастағы адамдар мен кішкентай балалар да болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиын дене қыздыру жаттығуларынан басталды. Кейін тұрғындар фитнес жаттығуларына, степ-аэробика мен джампинг-фитнеске қатысты.
Жаттығуларды кәсіби мамандар жүргізді. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне қарай қимылдап, спорттық бағдарламаға белсенді араласты. Бір алаңда балалардың да, жастардың да, егде жастағы тұрғындардың да бірге жаттығуы шараның ерекше көріністерінің біріне айналды.

«Негізгі мақсатымыз – Үркер тұрғындарын, сондай-ақ Қараөткел аумағының тұрғындарын спортқа, салауатты өмір салтына тарту. Осыған дейін мұндай шараларды шағын форматта өткізіп жүрдік. Биыл тұрғындарды кеңінен қамтып, барлығын бірге қатыстыруды жөн көрдік», – деді жаттықтырушы Әсел Шақуанова.
Оның айтуынша, тұрақты жаттығу адамның физикалық жағдайымен қатар көңіл-күйіне және өзіне деген көзқарасына да әсер етеді.
Іс-шараға қатысқан егде жастағы тұрғындардың бірі ашық аспан астындағы жаттығудың өзіне жақсы әсер еткенін айтты.
«Бүгін жақсы сергіп қалдық. Таза ауада жастармен бірге жаттығып, көңіліміз көтеріліп қалды. Үйде күнделікті тірлікпен жүре береміз ғой. Осындай шаралар жиі болса екен. Үлкен кісіге де, жасқа да пайдалы», – деді Үркер тұрғыны.
Кеш барысында тұрғындарға мерейтойға арналған жылы лебіздер айтылып, белсенді қатысушыларға алғыс білдірілді. Сахнадан тұрғындарға денсаулықтың маңызын еске салған тілектер де айтылды.