Ұлы ақынға тағзым

Ұлы ақынға тағзым

Астанадағы №87 мектеп-гимназияда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойын мерекелеудің басталуына орай салтанатты іс-шара өтті.

«Сөзі алтын хакім Абай» шығармашылық іс-шарасы – Абай Құнанбаевтың мерейтойы аясында жоспарланған іс-шаралар сериясының басталуы. Ұлы ақын есімімен аталатын №87 мектеп-гимназия 2019 жылы – оның 175 жылдығын мерекелеу жылы ашылды. Ашылған сәттен бастап оқу орнында қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығын зерттейтін абайтану пәні енгізілді. Бес жыл ішінде мектеп Абай мұрасын насихаттап келеді. Іс-шара аясында мектеп оқушылары Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, қара сөздерін және поэмалардан үзінділерді жатқа оқып, білімін көрсетті.

«Біздің мектептің миссия­сы – Абай жазған «толық адам» ­идеалына сәйкес келетін білімді, моральдық тұрғыдан тұрақты және үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеу. Бұл іс-шара оқушыларымызға өздерінің қажырлы еңбегінің нәтижесін көрсетуге мүмкіндік берді» деді №87 мектеп-гимназия директоры Айгүл Қашаева.

Іс-шарада құрметті қонақ – абайтанушы, ақын және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхамет­қалиқызы сөз сөйледі. «Мен Абайдың шығарма­шылығын ерте жастан оқып келемін және осындай іс-шараларды қолдауды өз міндетім деп санаймын. Мұндай іс-шаралар ұлттық сана-сезімді, мәдени құндылықтарды қалыптастыру және біздің тарихымызды құрметтеу үшін маңызды» деп атап өтті ­Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Сахнада Абай шығарма­шы­лығына арналған қалалық және республикалық байқауларда жетістікке жеткен оқушылар өнер көрсетті. Олар өздерінің өнері арқылы көрермендерге ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын қайта тануға мүмкіндік берді.