Бұл – дер кезінде көтерілген, маңызы зор бастама. Өйткені ел дамуының жаңа кезеңінде Президент айқындаған міндеттерді қоғамға түсіндіру, ортақ мақсат төңірегіне топтастыру және олардың жүзеге асуына азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету аса маңызды.
Құрылтай атынан жарияланған Үндеуде Президент бастамаларының стратегиялық маңызы айқындалып, оларды жүзеге асыру жолында қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға басымдық берілді.
Шын мәнінде, бұл Жолдау – жаңа Конституциядан кейінгі ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын стратегиялық бағдар. Онда мемлекеттің экономикалық қуатын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту міндеті нақты белгіленген.
Әсіресе, 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасының маңызы зор. Бұл – еліміздің барлық өңірінде жол, инженерлік желілер, медициналық және мәдени нысандарды жаңартуға серпін беретін ауқымды жоба.
Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту – болашақ экономиканың негізгі тірегіне айналуы тиіс.
Әлеуметтік саясаттағы басымдықтар да айрықша назар аудартады. Кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, инфляцияны тежеу, атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау – мұның бәрі адам мүддесіне бағытталған.
Меніңше, Жолдаудағы ең басты міндет – қабылданған шешімдерді нақты нәтижеге айналдыру. Ол үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен қатар, қоғамның белсенділігі де қажет.
Құрылтайдың Үндеуі осы ортақ жауапкершілікті айқындайды. Біз Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге, олардың сапалы орындалуына және халыққа түсіндірілуіне атсалысуымыз керек.
Бүгінгі өзгерістер – ертеңгі ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс.
Ұлы мақсаттарға жету үшін ұлы бірлік қажет. Еліміздің дамуы – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Бахадыр Нарымбетов,
Құрылтай депутаты