Астанада жастар үшін кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Олар қызмет көрсету, білім беру, IT, қоғамдық тамақтану, электрондық сауда және креативті индустриялар салаларында табысты бизнес бастай алады. Әсіресе, цифрлық технологияларға негізделген бағыттардың әлеуеті жоғары. Оның үстіне қазір кәсіп бастау үшін міндетті түрде кеңсе, қымбат жабдық немесе қомақты бастапқы капитал қажет емес. Ноутбук, қажетті білім мен тың идеяның өзі жеткілікті. Бұл тақырыпты тереңірек тарқату үшін Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Александр ПОДВАЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Бас қалада жастар арасында бизнестің қандай бағыттары сұранысқа ие?
– Елордада IT, ЖИ, онлайн-сауда, білім беру, маркетинг және креативті экономика бағыттары сұраныста. Әсіресе жасанды интеллектіні қолдануға деген қызығушылық артып келеді. Жас кәсіпкерлер AI-ассистенттер әзірлеу, компаниялардың жұмыс процесін автоматтандыру, цифрлық сервистер құру және деректерді талдау салаларында өз жобаларын жүзеге асыра алады. Сонымен қатар дәстүрлі кәсіпкерлік бағыттарын назардан тыс қалдырмау қажет. Қызмет көрсету, жеткізу, жөндеу, жылжымайтын мүлік нысандарына қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салаларында да көптеген мүмкіндік бар.
– Бастапқы капиталы жоқ жастар кәсіпті неден бастауы керек?
– Менің кеңесім – алдымен ақша іздеуден емес, тұтынушы іздеуден бастау. Бүгінде көптеген кәсіп түрін бастапқы инвестициясыз немесе аз қаражатпен іске қосуға болады. Мысалы, сайт әзірлеу, дизайн, маркетинг, бағдарламалау, репетиторлық және басқа да цифрлық қызметтерді ұсынуға мүмкіндік бар. Ең алдымен, бизнес-идеяны тәжірибе жүзінде тексеру қажет. Алғашқы клиенттерді тауып, олардың пікірін тыңдап, ұсынылған өнім немесе қызмет үшін ақша төлеуге дайын тұтынушылардың бар екеніне көз жеткізу керек. Бірден несие алып, кеңсе жалдаудың немесе қымбат жабдық сатып алудың қажеті жоқ. Алдымен клиент нақты пайда әкеліп, содан кейін ғана бизнесті кеңейтуге ұмтылған жөн.
– Жастар бизнесті бастау үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелерді қалай алады?
– Ең алдымен, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды және оларға қатысу талаптарын мұқият зерделеу қажет. Мәселен, 2026 жылы азаматтардың белгілі бір әлеуметтік осал санаттарына жататын тұлғаларға 400 АЕК-ке дейін, яғни 1730000 теңге көлемінде мемлекеттік гранттар қарастырылған. Өтінімдер белгіленген кезеңдерде business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Бұл грант барлық жас азаматқа бірдей қолжетімді әмбебап бағдарлама емес. Сонымен қатар «Даму» қоры тиісті талаптарға сәйкес келетін жобалар үшін жылдық 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беруді көздейтін «Өрлеу» бағдарламасын жүзеге асырады. Қаржыландыруға өтінім бермес бұрын бизнес-жоспар әзірлеп, қаржы моделін есептеп, жобаның табысын бағалауды ұсынамын. Несие жай ғана ақша алу мүмкіндігі емес, ол белгілі бір мерзімде орындалуға тиіс қаржылай міндеттеме екенін ұмытпаған жөн.
– Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін, бірақ тәжірибесі жоқ жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен үш негізгі кеңес берер едім. Біріншіден, бастауға қорықпаңыз. Кәсіпкерлік тәжірибені тек кітап оқу немесе дәріс тыңдау арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Ол нақты іс барысында жинақталады. Екіншіден, сатуды үйреніңіз. Сапалы өнім жасау маңызды, бірақ клиент таба алмасаңыз, бизнес дами алмайды. Үшіншіден, білімі мен тәжірибесі мол адамдармен араласыңыз, олардан үйреніңіз. Кәсіпкер әрі университет оқытушысы ретінде студенттерге жиі айтатыным: мінсіз сәтті күтпеңіз. Шағын жобадан бастаңыз, алғашқы табысыңызды табуға тырысыңыз және біртіндеп дамыңыз.
– Жастар бизнес ашуда қандай қателіктерді жиі жібереді?
– Жиі кездесетін қателік – нарықты және клиенттердің қажеттіліктерін зерттемей тұрып бизнес бастау. Сондай-ақ қаржыны дұрыс жоспарламау, табысқа қатысты шектен тыс оптимистік болжамдар жасау, бастапқы шығындарды негізсіз көбейту және сату стратегиясының болмауы кәсіптің дамуына кедергі келтіреді. Кейбір кәсіпкерлер атау, логотип және сыртқы безендіруге көп көңіл бөліп, өнімнің сапасы мен бизнестің экономикалық тиімділігін екінші орынға ысырады. Шын мәнінде, бизнес компанияны тіркеуден емес, өнім немесе қызмет үшін ақша төлеуге дайын клиенттен басталады.
– Астанада шағын бизнестің қандай түрлері кең таралған?
– Елордада сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету, құрылыс, көлік, логистика, білім беру және түрлі сервис компаниялары кеңінен таралған. Астананың ерекшелігі – қалалық инфрақұрылымның белсенді дамуы және сапалы қызметтерге деген сұраныстың артуы. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар мен мүмкіндіктер қалыптастырады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астанада шағын және орта кәсіпкерліктің шамамен 246 мың субъектісі жұмыс істейді. Бұл елордадағы кәсіпкерлік секторының ауқымды екенін көрсетеді.
– Шағын бизнестің дамуына қандай кедергілер әсер етеді?
– Көбіне қаржыландыруға қол жеткізу, жалдау ақысының қымбаттығы, әкімшілік рәсімдер, білікті кадрлардың тапшылығы және кәсіпкерлік нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосу мәселелері бар. Әсіресе техникалық шарттарды алу, электр энергиясына, сумен жабдықтау және жылумен қамтамасыз ету желілеріне қосылу мәселелері өзекті. Біздің ұстаным айқын: кәсіпкер уақытын әкімшілік кедергілерді еңсеруге емес, бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық төлеуге жұмсауы керек.
– Кәсіпкерлер палатасына көбінесе қандай мәселелер бойынша жүгінеді?
– Кәсіпкерлер палатаға түрлі мәселе бойынша өтініш білдіреді. Олардың ішінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау, мемлекеттік сатып алу, салық салу, әкімшілік кедергілер, жер қатынастары және инфрақұрылымға қол жеткізу мәселелері жиі кездеседі. Өтініштер статистикасына сүйенсек, олардың 26-сы мемлекеттік сатып алуға, 16-сы мемлекеттік бақылау мен әкімшілік шараларға, тағы 14-і салық салу мәселелеріне қатысты болған. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бойынша да өтініштер түскен. Сонымен бірге өтініштердің едәуір бөлігі – 159 өтініш немесе 60%-дан астамы – басқа да әртүрлі мәселеге тиесілі. Бұл бизнестің күнделікті қызмет барысында кездесетін проблемаларының ауқымды екенін көрсетеді.
– Шағын және орта бизнестің қала экономикасын дамытудағы және жаңа жұмыс орындарын құрудағы рөлі қандай?
– Шағын және орта бизнес – Астана экономикасының негізгі қозғаушы күшінің бірі. Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елордадағы шағын және орта кәсіпкерлік секторында 558 мыңнан астам адам еңбек еткен. Ал 2025 жылы осы секторда өндірілген тауарлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің көлемі шамамен 21 трлн теңгені құрады. Негізгі көрсеткіштер: Астанадағы ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар саны – 558,5 мың адам. ШОБ субъектілерінің 2025 жылғы өнім шығару көлемі – 21 трлн теңге. Алайда кәсіпкерліктің маңызын тек статистика көрсеткішімен өлшеуге болмайды. Кәсіпкерлік жаңа жұмыс орындарын ашады, бәсекені дамытады, қаланың әртүрлі ауданының өркендеуіне ықпал етеді, қызмет сапасын арттырады және орта таптың қалыптасуына негіз болады. Қалада табысты кәсіпкерлер неғұрлым көп болса, оның экономикасы да соғұрлым тұрақты.
– Оқумен қатар, студенттер қандай кәсіппен айналыса алады?
– Студенттерге үлкен бастапқы инвестицияны қажет етпейтін әрі оқумен қатар алып жүруге болатын бағыттарды таңдауды ұсынамын. Мысалы, сайт әзірлеу, контент жасау, әлеуметтік желілерді жүргізу (SMM), репетиторлық, дизайн, бейнемонтаж, онлайн-сауда және шағын компанияларға AI-құралдарын енгізу сияқты қызметтермен айналысуға болады. Университетте студенттерге практикалық тапсырмалар жиі беремін: белгілі бір бастапқы капиталыңыз бар деп елестетіп, өз бизнес-жобаңызды әзірлеңіз. Бірақ бұдан да қызықты тапсырма бар: ақшаңыз жоқ, алайда біліміңіз, уақытыңыз және еңбек етуге деген ынтаңыз бар. Осындай жағдайда қандай кәсіп бастай аласыз? Мұндай тапсырмалар кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.
– Алдағы жылдары бас қалада кәсіпкерліктің қандай бағыттары дамиды деп ойлайсыз?
– Бес бағыттың әлеуетін жоғары бағалаймын: ЖИ, IT, киберқауіпсіздік, қалалық сервистер мен Smart City шешімдері, білім беру технологиялары, сондай-ақ экология және энергия тиімділігін арттыруға арналған жобалар. Сонымен қатар құрылыс, көлік, өнеркәсіп, логистика және коммуналдық шаруашылық сияқты дәстүрлі салаларды цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Технологиялық компанияны дамыту тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстандық кәсіпкерлердің ішкі нарықпен шектелмей, халықаралық нарыққа да бәсекеге қабілетті цифрлық өнімдер шығара алатынын айта аламын. Астананың болашағы – жай ғана кезекті кәсіп ашатын емес, жаңа технологиялар мен өнімдер жасап, жұмыс орындарын құратын кәсіпкерлердің қолында.